Тараз қаласында ҚР ҒЖБМ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы, өнер зерттеуші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған «Илья Жақановтың шығармашылығы және өнердегі дара жолы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға мерейтой иесі Илья Жақановтың өзі, жұбайы Тиышкүл Алтаева, отбасы мүшелері, сондай-ақ Астана, Алматы, Тараз, Түркістан және Атырау қалаларынан келген зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімін Шерхан Мұртаза университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков жүргізіп, модераторлық етті.

Жиында Ербол Қарашөкеевтің құттықтау сөзі оқылып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, «Илья Жақанов» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлғаның мұрасын ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Конференция аясында Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақановқа «Шерхан Мұртаза университетінің Құрметті профессоры» дипломын тапсыру салтанаты өтті.
Конференция барысында Илья Жақановтың шығармашылығы мен ұлттық музыка өнеріндегі орнына арналған мазмұнды баяндамалар оқылды.

Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (Алматы қ.) «Илья Жақановтың сыни-ағартушылық және композиторлық шығармашылығы» тақырыбында баяндама жасап, қаламгер-композитордың ұлттық музыка мәдениетін зерттеу мен насихаттаудағы еңбегіне тоқталды. Бекжігіт Сердәлі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті профессоры, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі (Түркістан қ.) «Илья Жақанов – қазақтың ән мұрасын дәріптеуші өнер жанашыры» атты баяндамасында композитордың халық әндерін жаңғыртудағы және ұлттық өнерді дәріптеудегі рөлін сөз етті. Жанар Шайкенова, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Музыкатану және композиция» кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор (Астана қ.) «Қазақстанның музыкалық мәдениеті контексіндегі Илья Жақановтың ән шығармашылығы» тақырыбында баяндама жасап, композитор әндерінің қазақ музыка мәдениетіндегі көркемдік ерекшеліктерін талдады. Баубек Нөгербек, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті, PhD доктор (Алматы қ.) «Илья Жақановтың «Шоқан және музыка» телефильміндегі этномәдени дискурс» атты баяндамасында телефильмнің ұлттық мәдениет пен тарихи танымдағы маңызын саралады. Келген қонақтардың қатарында композитор, дирижер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетов те болып, Илья Жақановпен бірге өткен шығармашылық жолы мен өнердегі тағылымды сәттері туралы естеліктерімен бөлісті.

Конференциядан кейін мерейтой иесі Илья Жақановқа арнап Жамбыл облысы Ақтоғай ауылында шығармашылық музей-үй салтанатты түрде ашылды. Тағылымды шараға аудан басшылығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, музейдің ашылуына қолдау көрсеткен азаматтарға арнайы марапаттар табысталды. Музей қорына Илья Жақановтың бейнеленген суреттері, сыйға тартылған бұйымдар, әр жылдары мемлекет басшыларынан алған құттықтау хаттары, сондай-ақ өзінің домбырасы мен сырнай аспаптары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі шара аудандық мәдениет үйінің алаңында жалғасын тапты. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Илья Жақановқа ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Айтыскер ақын Алик Бекмұсаев Сарысудың мақтанышына айналған аңыз тұлғаға жыр арнады.

Іс-шаралар легі Жаңатас қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының «Сазымен кең даланы тербеткен» атты Илья Жақановтың өмірі мен ән шығармашылығына арналған көрінісі және әдеби-музыкалық концертімен қорытындыланды. Концерттің шымылдығы «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Шашу» биімен ашылды. Мұнан соң әдеби композиция оқылып, «Сарысу» халықтық театрының «Ән болып жаралдым» атты көрінісі сахналанды. Сонымен қатар, жуырда өткен «Сырлы жүрек сазы» атты Созақ, Талас және Сарысу аудандары арасындағы байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды.

Кеш барысында Ерболат Саурықов пен аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебае сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, Илья Жақанов пен жары Тиышкүл Алтаеваға арнайы сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар, бұл концерттік кеште Жамбыл облыстық филармониясы әншілері мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Әселім» және т.б. әндерін әуелете шырқап, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Түркістан Конгресс-холл көпсалалы кешені әртісі Айдос Иманжаппаровтың орындауында «Ақ еркесі Қараойдың» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Концертке Алматыдан арнайы келген ақын Маралтай Райымбекұлы арнау өлеңін оқып, кештің рухани мазмұнын арттыра түсті.

Қорыта айтқанда, Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған тағылымды шаралар легі қазақ руханияты мен ұлттық музыка өнерінің көрнекті өкіліне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды. Ғылыми конференция барысында композитордың шығармашылық мұрасы жан-жақты талданып, оның қазақ ән өнерін зерттеу, насихаттау және дамыту жолындағы еңбегі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, мерейтой аясында өткен мәдени-рухани кештер мен шығармашылық музей-үйдің ашылуы Илья Жақанов мұрасының кейінгі ұрпаққа тағылым беретін құндылық екенін айқындады. Ұлт мәдениетін ұлықтаған тұлғаның өнегелі жолы мен мол мұрасы алдағы уақытта да қазақ өнері мен руханиятының дамуына қызмет ете беретіні сөзсіз.
ҚАЗТУҒАНОВА Айнұр Жасағанбергенқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор