Индустриялық аймақта автомобиль жасау, құрылыс материалын өндіру, шикізатты қайта өңдеу мен тамақ өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Негізгі бағыттың бірі – құрылыс саласына арналған өнімдер бойынша импортты алмастыру мен автокөлік кластерін қалыптастыру. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ерлан Жайлаубай осылай деді.
Спикердің айтуынша, бүгінде Индустриялық аймақ аумағында кабель-өткізгіш өнімдер, жылыту радиаторы мен құрылыс секторына қажетті басқа да өнім шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр екен.
«Өзімізде шыққан құрылыс материалын өндіруді дамыту импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен толтырады», — дейді.
Индустриялық аймақта автокөлік бағыты да қарқынды дамып барады. Мұнда автомобильдер, автокомпоненттер мен қосалқы бөлшек өндіретін жобалар жүзеге аса бастады. Бұл толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастырып, өнімнің локализация деңгейін арттыруға сеп болмақшы.
«Автокөлік кластерін қалыптастыру индустриялық аймақты дамытудың стратегиялық бағытының бірі. Жаңа кәсіпорындар қосымша жұмыс орнын ашып, аралас саланың дамуына ықпал етеді», — деп айтты директоры.
Аймақ аумағында тамақ өнеркәсібі, қайталама шикізатты қайта өңдеу, логистика мен «жасыл» технологиялар саласындағы жобалар да жүзеге асып жатыр. Инженерлік және көлік инфрақұрылымы ілесе дамып, 194 гектар аумақты қамтитын индустриялық аймақтың екінші кезеңі іске асып жатыр.
Экспорттық әлеуетті дамыту да ерекше назарда. Мәселен, кабель-өткізгіш өнім өндіруші Harmony Cable компаниясы өнімін Қырғызстан мен Тәжікстанға экспорттаса, жылыту радиаторын өндіретін Valtherm оны Ресей мен Әзербайжан нарығына жеткізіп отырады.
Индустриялық аймақта іске асып жатқан жаңа жобалардың да экспорттық мүмкіндігі бар. Олардың қатарында автомобиль өндіруші Orbis Manufacturing және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, автокомпонент өндіруші ALMA-ATA MACHINERY MANUFACTURING CO., LTD, тамақ өнеркәсібі кәсіпорны BETA INTERNATIONAL, сондай-ақ қайта өңдеу жобасы KZ Recycling бар.
Жаңа өндірістерге кадр даярлауға да көңіл бөлінген. Қазір Индустриялық аймақта жұмыс істеп тұрған және болашақ кәсіпорындардың қажеттілігіне сай мамандар даярлайтын индустриялық колледж құрылғалы жатыр.