Алматының ботаникалық бағында сирек өсімдіктің қоры жасалады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қайта жаңғыртқаннан кейін, Алматыдағы ботаникалық бақ қала тұрғындары мен туристер ең көп баратын демалыс орнына айналды. 2020 жылдан бері баққа үш миллионнан астам адам келсе, былтырдың өзінде келіп-кеткендер саны 600 мыңға жуықтапты. Мұнда серуендеу үшін ғана емес, сирек өсімдіктерді көріп, көрмеге, дәріс пен концертке қатысып, қаланың дәл ортасында табиғат аясында тынығу үшін де келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде ғылыми қызметкерлер Бақтағы сирек коллекциялар, оранжереяны жаңғырту жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтып берді.
Қазір Бас ботаникалық бақтың қорында өсімдіктің бес мыңнан астам түрі, формасы мен сұрыпы бар. Олар он төрт коллекциялық аумақ пен экспозицияда орын тепкен. Мұндағы ең ерекше өсімдіктің бірі — Халықаралық Қызыл кітапқа енген көне метасеквойя екен. Сирек кездесетін бұл ағаш Орталық Қытай тауында ғана өседі. Қылқан жапырақты болғанымен, ағаштың жұмсақ тікені мен ұсақ бұтағы қыста түсіп қалады.
«Мұнда келгендер Алматыда метасеквойя өсіп тұрғанын білген кезде қатты таңғалады. Ол Қытайдың жекелеген аймағында ғана сақталып қалған. Біз мұндай өсімдікті көрсетіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа сақтап қалуымыз керек. Ботаникалық бақтың қазіргі басты міндеті де осы», — деді дендрология зертханасының ғылыми қызметкері Светлана Набиева.
Көктемде жұрттың назарын аударатын тағы бір нәрсе - жапырақты афлатуния. Сәуір айының соңы мен мамырдың басында ағаш үлкен гүлге оранып, гүлдеу кезеңі екі жарым аптаға дейін созылады. Бұл өсімдік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, жойылып кету қаупі бар түрдің қатарына жатады. Сонымен қатар ботаникалық бақта өткен ғасырдың 30–40 жылдары егілген Қызыл кітапқа енген сағақты емен аллеясы да бар екен.
«Альпинарий» учаскесінде Қазақстанның сирек гүлді-сәндік және эндемикалық өсімдіктері жиналған. Мұнда 280 түр өседі, оның 32-сі сирек эндемик болып саналады. Олардың қатарында Алатау бәйшешегі, Қазақстандағы ең ерекше қызғалдақтың бірі саналатын Регель қызғалдағы, сондай-ақ Грейг пен Альберт қызғалдағы да бар.
«Көп адам ботаникалық баққа сирек өсімдіктің гүлдегенін көру үшін келеді. Көктемде өзіміздің қызғалдақ пен басқа да эндемиктерді келіп тамашалайды. Сөйтіп, әрқайсысы сиреп бара жатқан өсімдіктерді өз көзімен көргісі келеді. Біз осыларды сақтап, оларды барынша көп адамға көрсетуге тырысамыз», — деді дендрология зертханасының ғылыми қызметкері Ботагөз Билибаева.
Қазір ботаникалық бақ жаңа коллекция мен экспозицияларды дамыту жұмысын жалғастырып жатыр. Реликт өсімдіктер учаскесін, сәндік гүлдейтін бұталар коллекциясын жасау мен шырмалып өсетін өсімдіктер учаскесін қайта жаңарту да жоспарда бар. Сонымен қатар мамандар «Арқалан» петроглифтер паркінде дала шөпбінің коллекциясын қалыптастырып жатыр.
Оранжереяның жағдайына мамандар бөлек тоқталды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, ол жаңа нормативке сәйкестендіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама аяқталғаннан кейін реконструкция жұмысы басталмақшы.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Ботаникалық бақ достары қоры» жеке қоры тіркеліп, ашылды. Қаржыландыратын көз де табылып, реконструкцияны аяқтау үшін осы қорға енді қаржы да бөлініп жатыр. Оранжереяны 2027 жылдың шілдесінде пайдалануға бермек ойда.
Реконструкцияға дайындық барысында ботаникалық бақ қызметкерлері өсімдіктер коллекциясын сақтап қалуға тырысты. Олардың бір бөлігі жылыжайға көшірілді, олардың ішінде шағын өсімдіктер де бар.
«Оранжереяда болған барлық өсімдікті барынша сақтауға тырыстық. Көшіруге болатын түрлердің барлығы қазіргі жылыжайға орналастырылды. Жөндеу аяқталғаннан кейін бұрынғы коллекцияларды қысқа мерзімде қалпына келтіріп, оларды жаңа өсімдіктермен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Жаңартылған оранжерея келушілер үшін бұрынғыдан да қызықты болады деп сенеміз», — деді Светлана Набиева.
Ботаникалық баққа деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде мұнда 593 326 адам келген, олардың шамамен 30 пайызы мектеп оқушылары мен студенттер. Сонымен қатар өткен жылы баққа 30 мыңға жуық шетелдік турист барған.
«Ботаникалық бақ әлдеқашан тек серуендейтін орын болудан қалып, үнемі дәріс, көрме, экологиялық фестивальдер, волонтерлік бағдарламалар мен классикалық музыка концерті өтетін жерге айналды. Мұнда кез келген уақытта бас сұқсаңыз болады. Көпшілік үшін бұл үлкен қаланың ортасындағы табиғатпен байланыс орнататын және көңіл-күйіңді көтеретін орынға айналды», — деп атап өтті Ботагөз Билибаева.
Бас ботаникалық бақ алматылықтардың табиғаттың аясында демалатын тыныштық мекеніне айналған.