А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесуге Алматы қаласы Адвокаттар алқасының адвокаттары Бауыржан Сералин, Эльнұр Жұмабекқызы, сондай-ақ «Кеш» құқық қарау орталығының директоры, заңгер Камшат Шинтекова келді.
Іс-шараға студенттер де қатысып, құқық саласының мамандарымен диалог орнатты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың заң, құқық туралы білімін арттыру, түсінігін кеңейту, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру.
Қазір құқықтық сауаттылықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Адам күнделікті өмірінде түрлі мәселемен бетпе-бет келеді. Білім алу, еңбек ету, қызмет көрсету, келісімшарт жасау, жеке мәліметтерді қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі белгілі бір заң талаптарымен реттеледі. Сондықтан құқықтық білім тек заң саласының мамандарына ғана емес, әрбір азаматқа қажет.
«Құқықтық сауаттылық әр адамға қажет. Құқықпен бірге міндет те қатар жүретінін ұмытпауымыз керек. Заңды құрметтеу – қоғамдағы тәртіпті сақтаудың маңызды шарты. Ол жастардың болашақтағы азаматтық ұстанымына тікелей әсер етеді. Заңды білетін адам өз әрекетінің салдарын түсінеді, жауапкершілікті сезінеді және мәселелерді заңды жолмен шешуге ұмтылады», – дейді Адвокаттар алқасының адвокаты Бауыржан Сералин.
Ал «Кеш» құқық қарау орталығының директоры Камшат Шинтекова жастарға құқықтық ақпаратты түсінікті түрде жеткізіп, олардың заңға деген қызығушылығын арттыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Жастардың құқықтық жағынан сауатты болғаны өте маңызды. Күнделікті өмірде адам әртүрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Өзім де жастардың мәселесімен жиі бетпе-бет келіп жатамын. Кез келген құқықтық мәселеде эмоцияға берілмей, алдымен заң талаптарына көз жүгіртіп және қажет болған жағдайда кәсіби мамандардан кеңес алу керек», – деді Камшат Шинтекова.
Студенттер құқық саласының мамандарынан тек теориялық ақпарат алып қана қоймай, олардың өмірлік және кәсіби тәжірибесіне қанықты. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың қоғамдық белсенділігін қалыптастыруға да ықпал етеді. Өйткені өз құқығын білетін жас қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайды, өзінің азаматтық позициясын нығайта түседі.
«Адам өзінің құқығын білгенімен қатар, өзге адамның да құқығын құрметтей білуі керек. Заң барлығына ортақ және оны сақтау әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Мені жастардың осындай кездесулерге белсенді қатысып, сұрақ қоюы қуантады. Құқық саласына қызығушылық танытып, заңды тереңірек білуге ұмтылған дұрыс. Қазір алаяқтық, дропперлік жағдайлар өте көп. Бұл тұрғыда сауатты болу өте маңызды», – дейді Алматы қаласы Адвокаттар алқасының адвокаты Эльнұр Жұмабекқызы.