конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / Ақылды қала: мектеп — Алматы экожүйесінің ажырамас...

Ақылды қала: мектеп — Алматы экожүйесінің ажырамас бөлігі

Алматы Бүгін 19:46 94
Ақылды қала: мектеп — Алматы экожүйесінің ажырамас бөлігі

Алматы қарқынды өзгеріп келеді. Жаңа тұрғын үй кешендері көз алдымызда бой көтеріп, көшелер кеңейіп, саябақтар абаттандырылуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Алайда қаланың даму қарқыны айрықша сын-қатерге тап болып отырған бір сала бар. Ол — білім беру жүйесі. Жыл сайын мыңдаған жаңа тұрғынды қабылдап отырған мегаполис мектептерді қалай саламыз, қалай қаржыландырамыз және қоғамда оның орны мен рөлін қалай қабылдаймыз деген мәселелерді жаңаша пайымдауды талап етеді.

Бүгінде Алматы халық саны ең жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Бұл, сөзсіз, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақты арттырады. Қала тұрғындарының көбеюіне табиғи өсіммен қатар, ішкі көші-қон да айтарлықтай ықпал етіп отыр. Өткен оқу жылында Қазақстанның өзге өңірлерінен қала мектептеріне 18 мыңға жуық оқушы ауысып келді. Олардың жартысы — Алматы облысынан.

2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін қалада жалпы саны 11 мыңға жуық оқушыға арналған сегіз жаңа мектеп ашу жоспарланған. Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы әлі де 30 мыңға жуықтап отыр.

Осындай жағдайда жекеменшік білім берудің рөлі қандай болуы керек деген заңды сұрақ туындайды. Жекеменшік және мемлекеттік мектептер оқушы үшін бәсекелесуі керек пе, әлде олардың миссиясы әлдеқайда ауқымды ма — яғни өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту жолындағы ортақ мақсатқа қызмет ету ме?

Жекеменшік мектеп — қала ағзасының бір бөлігі

Білім беру туралы пікірталастарда жиі кездесетін бір ұстаным — жекеменшік мектептерді мемлекеттік мектептерге, ақылы білім беруді тегін білімге қарсы қою. Алайда мұндай көзқарас қазіргі шынайы ахуалды толық көрсете бермейді. Алматыдағы жекеменшік мектептер мемлекеттік білім беру жүйесінің «бәсекелесі» емес, оның табиғи толықтырушысы, қаланың білім беру экожүйесінің маңызды бөлігі. Олар мегаполистің білім беру саласындағы жүктемесін азайтуға өз үлесін қосып келеді.

Жекеменшік мектепте білім алып жүрген әрбір бала — мемлекеттік мектептегі тапшы орындардың бірінің босауына мүмкіндік береді. Ал білім беру ғимаратына, заманауи құрал-жабдыққа және білікті мамандарға инвестиция салған әрбір жекеменшік инвестор қала бюджетіне түсетін мектеп салу мен оны күтіп ұстау ауыртпалығын азайтады. Бұл — мемлекет сапа мен қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарын белгілеп, ал жеке сектор ұйымдастырушылық және қаржылық тәуекелдерді өз мойнына алатын өзара тиімді әріптестік.

«Мектеп қаладан бөлек өмір сүре алмайды, — дейді Lakeview School Almaty мектебінің директоры Гүлнара Карамендинова. — Біздің балаларымыз осы қаланың көшелерімен жүреді, қалалық жобаларға қатысады, оның университеттеріне түседі, кейін осы қаладағы мекемелер мен компанияларда еңбек етеді. Демек, білім беруді де бірге дамытуымыз керек».

Гүлнара Маутқанқызының кәсіби жолы мегаполистегі жекеменшік білім беру саласының дамуымен тығыз байланысты. Бұған дейін ол Алматы қаласындағы мемлекеттік IT-лицейді басқарып, білім беру үдерісіне заманауи тәсілдерді енгізді. Атап айтқанда, ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға, робототехникаға, компьютерлік графикаға және кәсіпкерлік сауаттылыққа басымдық берілді.

Бүгінде Lakeview School мектебінде ол осы бағытты жалғастырып, мектепті балалар тек білім алып қана қоймай, тұлға ретінде жан-жақты дамитын ортаға айналдырып отыр.

Оның берік ұстанымынша, білім берудің болашағы — үдерістің барлық қатысушыларының тығыз ынтымақтастығында.

«Мен жекеменшік және мемлекеттік мектептер бәсекелесуі керек деп есептемеймін. Біздің мақсатымыз ортақ: балаларға сапалы білім беріп, олардың оқуына қолайлы жағдай жасау», — дейді ол.

Инфрақұрылымдық сын-қатер және оны шешу жолдары

Алматыдағы мектеп орындарының тапшылығының ауқымын елемеуге болмайды. Бұл мәселе әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан Әуезов, Алатау және Бостандық аудандарында айқын сезіледі.

Қала билігі бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024–2026 жылдары 35 мыңға жуық оқушы орнына арналған 21 мектеп салу көзделген. Ал 2026 жылдың соңына дейін 105 мың оқушыға арналған 69 мектеп салу жоспарланып отыр.

Алайда бұл ауқымды көрсеткіштердің өзі қазіргі қажеттілікті толық өтеуге жеткіліксіз. Мәселе тек мектеп ғимараттарының санында емес. Ең бастысы — білім сапасы мен тұрғылықты жеріне қарамастан әр бала үшін мектептің қолжетімді болуы. Дәл осы тұста жекеменшік сектордың рөлі айрықша маңызға ие.

Соңғы жылдары Қазақстандағы жекеменшік мектептердің саны мыңға жуықтады. Олардың мемлекеттік білім беру тапсырысына қатысу үлесі де артып келеді. Бұл — мемлекет балалардың жекеменшік мектептерде білім алуына конкурстық негізде қаржы бөлетін тетік. 2025 жылы мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа механизмі бойынша пилоттық жоба іске қосылып, оның негізгі мақсаты — бұл үдерістің ашықтығы мен тиімділігін арттыру болды.

«Егер жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, Қазақстан балаларына білім беретін болса, оны тек коммерциялық нысан ретінде емес, жалпы білім беру жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет», — дейді Гүлнара Карамендинова.

Оның пікірінше, жер пайдалану, салық салу, жан басына шаққандағы қаржыландыру және қалалық инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу мәселелерінде түсінікті әрі тұрақты қағидалар қажет.

Ортақ мақсат үшін — баршаға ортақ қағидалар

Әріптестік — бір тараптың ғана міндеттемесі емес. Жекеменшік мектептер қаланың білім беру жүйесіне кіріге отырып, мемлекет тарапынан белгілі бір қолдауға ие болуға мүмкіндік алуы тиіс.

Бүгінде өзара тиімді ынтымақтастықтың сәтті мысалдары бар. Соның бірі — жеке инвесторлардың қаражаты есебінен заманауи, жайлы мектептер салып, кейін оларды мемлекет тарапынан сатып алу моделі, яғни «дайын өнімді сатып алу» қағидаты.

Бұл жағдайда бизнес құрылысқа байланысты тәуекелдерді өз мойнына алады, ал мемлекет нысанды сатып алуға және оның одан әрі пайдаланылуына кепілдік береді.

Дегенмен шешімін күтетін мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі — ата-ана, мектеп және мемлекет арасындағы сенім мәселесі. Жекеменшік мектептер туралы пікірлерден білім сапасы мен мектептегі ахуалға жоғары баға берген оң пікірлерді де, тәртіпке, тамақтануды ұйымдастыруға немесе кадр саясатына қатысты сын-ескертпелерді де кездестіруге болады.

Бұл — кез келген жүйенің қалыптасу кезеңіне тән табиғи үдеріс. Ең бастысы — мәселені ашық әрі сындарлы диалог арқылы шешу.

Гүлнара Карамендинованың пайымынша:

«Әңгіме бәсекелестік туралы емес, ақылға қонымды әріптестік туралы болуы керек. Мемлекет білім сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеп, олардың орындалуын бақылайды. Ал жекеменшік мектептер қаладағы оқушы орындарының тапшылығын шешуге өз үлесін қосады».

Болашаққа көзқарас: бірге ме, әлде бөлек пе?

Алматы өсіп келеді. Онымен бірге икемді, алуан түрлі әрі сапалы білім беру ортасына деген қажеттілік те арта түсуде.

Осындай ортада мемлекеттік және жекеменшік мектептерді бір-біріне бәсекелес құрылымдар ретінде қарастырудың мәні жоқ. Керісінше, олар — ортақ мақсат жолындағы серіктестер. Жекеменшік сектор білім беру саласына инновация, икемділік және жеке инвестиция әкелсе, мемлекеттік жүйе қолжетімділік пен әлеуметтік әділеттіліктің негізін қамтамасыз етеді. Осы екі бағыттың үйлесуі — өсіп келе жатқан мегаполистің жаңа сын-қатерлеріне берілетін жауаптың бірі.

«Жекеменшік сектор мемлекетке түсетін белгілі бір жүктемені шынымен азайтады. Жекеменшік мектепте білім алып жүрген әрбір бала — мемлекеттік мектептегі тағы бір орынның босауына мүмкіндік береді», — деп атап өтеді Гүлнара Карамендинова.

Түптеп келгенде, мектеп — қаланың болашағы қалыптасатын кеңістік. Егер біздің ортақ мақсатымыз Алматыны мүмкіндіктер мегаполисіне айналдыру болса, онда бұл болашақты да бірге құруымыз қажет. Мемлекет, бизнес, мұғалімдер мен ата-аналар — барлығы бір мақсаттың айналасына топтасуы тиіс.

Ақылды қаланың шынайы мәні — тек заманауи технологиялар мен тиімді инфрақұрылымда емес. Оның басты құндылығы — қала өмірінің барлық буынының ортақ мақсат жолында ақылмен, жауапкершілікпен және өзара сеніммен әрекет етуінде. Ал сол ортақ мақсаттың ең маңыздысы — балаларымыздың жарқын болашағы.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#мектеп
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Үкіметте отандық вагон жасау саласын дамыту мәселелері қаралды

Бүгін 18:00

Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі

Бүгін 17:30

Кітап оқыған адам – ойы озық адам

Бүгін 17:11

15 жасар алматылық Мария Холявко шахматтан Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Бүгін 17:02

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының объектілеріне техникалық турлар

Бүгін 16:40
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);