конституция 2 шілде
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдени Алматы / Кітап оқыған адам – ойы озық адам

Кітап оқыған адам – ойы озық адам

Мәдени Алматы Бүгін 17:11 43
Кітап оқыған адам – ойы озық адам
ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Кітап адамның ішкі әлемін кеңейтеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

«Кітап оқудың не қажеті бар? Қазір керек ақпараттың бәрін интернеттен табуға болады ғой». Бүгінгі таңда кітапханашылар жиі еститін сұрақтың бірі – осы. Шын мәнінде, бұл сұрақтың жауабы қарапайым болғанымен, мәні терең: ақпаратты табу мен білімді игеру – екі бөлек нәрсе.

Интернет бізге керекті мәліметті бірнеше секундта тауып бере алады. Ал кітап адамға сол мәліметті түсінуге, саралауға, байланыстыруға, ой елегінен өткізуге үйретеді. Интернет жауап береді, кітап сұрақ қоюды үйретеді. Интернетте ақпарат көп, ал кітапта сол ақпараттың жүйесі, мазмұны мен контексті бар.

Сондықтан ақпарат көп заманда ойды тереңдету маңызды

Біз ақпарат дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Телефонды ашсақ – жаңалық, әлеуметтік желіні қарасақ – пікір, іздеу жүйесіне сұрақ қойсақ – мыңдаған жауап дайын.  Жасанды интеллект те кез келген тақырып бойынша мәтін құрастырып, ақпаратты жинақтап бере алады.

Бірақ ақпараттың көп болуы адамның білімді екенін білдірмейді. Керісінше, ақпарат тасқыны күшейген сайын дұрыс ақпаратты таңдау, оның ақиқаттығын бағалау, себеп пен салдарды ажырату, өз пікірін қалыптастыру қабілеті маңызды бола түседі. Ал мұндай дағдылар бір күнде қалыптаспайды. Олар үздіксіз оқу, іздену, ойлану арқылы келеді.

Кітап оқу – осы тұрғыдан алғанда адамның ойлау қабілетін жаттықтыратын ерекше мектеп. Кітапты асықпай оқыған адам оқиғаның желісін қадағалайды, кейіпкердің әрекетін саралайды, автордың ойын түсінуге тырысады, кейде онымен келіседі, кейде келіспейді. Яғни оқырман дайын пікірді ғана қабылдамайды, өз ойын қалыптастырады.

Қазақта «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейді. Ал «Күш – білімде, білім – кітапта» деген мақалдың мәні бүгін де өзгерген жоқ.

Абай:

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге»,

деп адамды білімге, талапқа, ізденіске шақырды.

Бұл сөздер айтылған уақыт пен бүгінгі заманның айырмасы жер мен көктей болғанымен, адамзат үшін білімнің құндылығы өзгерген жоқ.

Интернеттен іздеу мен кітап оқудың айырмасы неде?

Әрине, интернетті кітапқа қарсы қою дұрыс емес. Интернет – қазіргі қоғамның аса маңызды ақпараттық құралы. Ғылыми мақала іздеу, жаңа дерек табу, шетелдік әдебиетке қол жеткізу, жаңалықтан хабардар болу үшін оның мүмкіндігі зор.

Бірақ интернеттен ақпарат іздегенде біз көбіне нақты бір сұраққа жауап іздейміз. Ал кітап оқығанда кейде өзіміз іздемеген, бірақ өмірімізге қажет ойды кездестіреміз.

Мысалы, интернеттен «Абайдың қара сөздері туралы ақпарат» деп іздесеңіз, бірнеше секундта қысқаша мәлімет аласыз. Ал Абайдың «Қара сөздерін» өзіңіз оқысаңыз, оның ойлау жүйесімен, дүниетанымымен, адам табиғатына қатысты пайымдарымен бетпе-бет келесіз. Біріншісі – ақпарат алу болса, екіншісі – ой әлеміне ену.

Интернетте біз көбіне бір мәтіннен екіншісіне секіріп отырамыз. Кітап бізді бір ойдың соңына дейін баруға, назарды тұрақтандыруға, терең оқуға тәрбиелейді.

Тағы бір маңызды мәселе – ақпараттың сенімділігі. Интернеттегі кез келген мәлімет шынайы немесе толық бола бермейді. Сондықтан қазіргі оқырманның міндеті тек оқу емес, медиасауатты болу, деректі тексеру, ақпаратты талдау. Ал сапалы кітап – автордың зерттеуі мен ой еңбегінің жүйеленген нәтижесі.

Сондықтан бүгінгі ұстаным мынадай болғаны жөн: интернетті ақпарат іздеуге пайдаланып, кітапты ой тереңдетуге пайдалану керек.

Кітап оқудың пайдасы қандай?

Кітап оқу адамның білімін арттырып қана қоймайды. Оның тілін байытады, сөздік қорын молайтады, есте сақтау қабілетін жетілдіреді, ойлау жүйесін қалыптастырады. Көркем әдебиет адамның эмоциясын түсінуге, өзгенің жағдайын сезінуге, өмірге әр қырынан қарауға ықпал етеді.

Тарихи кітап өткенді танытады. Ғылыми әдебиет дүниенің заңдылықтарын түсіндіреді. Өмірбаян адам тағдырынан сабақ алуға мүмкіндік береді. Көркем шығарма адамның жан дүниесін байытады. Ал жақсы публицистика қоғамдағы құбылыстарға сергек қарауға үйретеді.

Бір сөзбен айтқанда, кітап адамның ішкі әлемін кеңейтеді.

Қазақтың ағартушысы Ыбырай Алтынсарин де ел болашағын біліммен байланыстырды. Ол балалардың ғылым мен мәдениетті меңгеруіне, рухани тұрғыдан қалыптасуына ерекше мән берді және қазақ балаларына арналған оқулықтар жазды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл ағартушылық қызметі оқу, білім, сауат және ұлттың рухани дамуы идеяларымен тығыз байланысты болды. Оның «Оқу құралы» еңбегінің бірнеше рет қайта басылуы сол кездегі қоғам үшін оқулық пен кітаптың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.

Демек, кітап оқу – жай ғана бос уақытты өткізудің тәсілі емес. Ол – адамның өзін-өзі дамытуының ең қолжетімді жолдарының бірі.

Кітапханаға неге келу керек?

Кітапхана – кітап сақталатын орын ғана емес. Ол – адам мен кітапты, оқырман мен қаламгерді, өткен мен бүгінді, ой мен пікірді табыстыратын рухани кеңістік.

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы – білім мен мәдениеттің, ақпарат пен шығармашылықтың тоғысқан ортасы. Кітапхананың негізгі міндеттерінің бірі – оқырманға қажетті әдебиетті ұсыну ғана емес, оның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани сұранысын қалыптастыру, мәдени орта құру.

Кітапханаға келген адам сөрелер арасынан өзіне қажетті кітапты тауып қана қоймайды. Мұнда қаламгерлермен кездесуге, ақын-жазушылардың шығармашылығымен жақынырақ танысуға, әдеби кештер мен кітап тұсаукесерлеріне, пікірталастар мен тағылымды кездесулерге, түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік бар. Кітапхана тәжірибесінде әдеби байқаулар, кітап көрмелері, шығармашылық кездесулер, оқырманмен пікір алмасу форматтары тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Мұндай кездесулердің ерекшелігі – кітапты оқып қана қоймай, оның авторын тануға, шығарманың туу тарихын білуге, өзіңді қызықтырған сұрақты тікелей қаламгердің өзіне қоюға мүмкіндік беретіндігінде.

Кейде бір жазушының бір ауыз сөзі адамды кітап оқуға жетелейді. Бір әдеби кеш жаңа авторды танытады. Бір кітаптың тұсаукесері бірнеше оқырманның өмірінде жаңа ізденіске жол ашады.

Сондықтан кітапхана – үнсіздік сақталатын ғана емес, ойлар тоғысатын орын. Мұнда кітаптар «сөйлейді», қаламгерлер сыр шертеді, оқырмандар пікір бөліседі. Бір қарағанда тыныш көрінетін кітапхана ішінде шын мәнінде үлкен рухани қозғалыс жүріп жатады.

Бүгінде Оңтүстік астанамызда орналасқан Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қорында 200 мыңға жуық кітап бар. Оқу залдары оқырманның кітаппен асықпай, терең жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал кітапханаға жазылған азаматтар қажетті әдебиеттерді үйіне алып, өзіне қолайлы уақытта оқи алады.

Яғни кітапханаға келудің бір себебі – кітап алу болса, екінші себебі – кітап әлеміне ену. Ал үшіншісі – өзіңіз секілді кітапты, білімді, өнерді, ойды бағалайтын адамдармен бір ортада болу.

Бүгінгі кітапхана – бұрынғы түсініктегі тек кітап беретін мекеме емес. Ол – мәдениет, білім, қарым-қатынас және шығармашылық орталығы.

Сондықтан «Кітапханаға не үшін баруым керек?» деген сұраққа бір ғана жауап жоқ.

Кітап оқу үшін барыңыз.Жаңа ой табу үшін барыңыз. Қаламгермен жүздесу үшін барыңыз. Пікірлесу үшін барыңыз. Өзіңізді дамыту үшін барыңыз.

Ал кейде жай ғана тыныш отырып, өзіңізбен өзіңіз қалу үшін барыңыз.

Өйткені жақсы кітап адамды өзгертсе, жақсы кітапхана сол кітапты табуға жол көрсетеді.

Неге дәл қазір кітап оқу маңызды?

Бұл сұрақтың жауабы бүгінгі қоғамдық өзгерістермен тікелей байланысты.

2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, зерделі, шығармашыл және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Сонымен қатар жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеттері белгіленді.

Бұл – кітаптың маңызы артта қалған дәуірдің белгісі емес екенін көрсетеді. Керісінше, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын адамның өздігінен ойлау қабілеті бұрынғыдан да маңызды бола түсуде.

Жасанды интеллект ақпаратты жылдам өңдей алады. Іздеу жүйесі қажет деректі лезде табады. Бірақ адамның орнына өмірлік шешім қабылдайтын, оның құндылықтарын қалыптастыратын, ар-ұятын тәрбиелейтін кітап емес, адамның өзі. Ал кітап сол адамның ойлауына, дүниетанымына, рухани қалыптасуына ықпал ететін құрал болып қала береді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» бағытының түпкі мәні де осында. Кітап оқитын адам – білімді адам ғана емес, ойлайтын адам. Ал ойлайтын адамдардан зерделі қоғам қалыптасады.

Кітапхана – оқырман мен кітапты табыстыратын мекен

Кейде кітапханаға баруды арнайы уақытты қажет ететін үлкен іс сияқты қабылдаймыз. Шын мәнінде, бәрі қарапайым.

Бір күні кітапханаға кіріп, өзіңізге ұнаған кітапты таңдап көріңіз. Кітапханашымен сөйлесіңіз. Қандай кітап оқығыңыз келетінін айтыңыз. Мүмкін, сіз бұрын білмеген бір авторды табарсыз. Мүмкін, бірнеше жылдан бері іздеп жүрген кітабыңыз дәл осы жерден шығар.

Ал ең бастысы – кітапты қолға алып, алғашқы бетін ашыңыз. Өйткені кітаптың адам өміріндегі ең үлкен құндылығы оның сөреде тұрғанында емес, оқылғанында.

Қазақ «Кітап – білім бұлағы» дейді. Бұл – жай ғана мақал емес, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан танымы. Кітаптан алған білім адаммен бірге жүреді. Оны ешкім тартып ала алмайды.

Сондықтан кітапхана есігі сіз үшін жай ғана мәдениет ошағының есігі емес. Ол – білімге, жаңа ойға, жаңа мүмкіндікке ашылған есік.

Кітап оқуды бастау үшін ертеңді күтудің қажеті жоқ. Бір кітаптан бастаңыз. Күніне бірнеше бет оқыңыз. Бастысы – оқу әдетке айналсын.

Өйткені кітап оқитын адам өз уақытын ғана емес, өз болашағын да өзгертеді. Ал кітап оқитын ұлт – ойы озық, рухы мықты, бәсекеге қабілетті ұлт.

Кітапханада жолыққанша, құрметті оқырман!

Айман ТАРБАЕВА,

Алматы облыстық орталық әмбебап

кітапханасының кітапханашысы

Телеграм арнаға жазылыңыз
#кітап оқу #кітапхана
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі

Бүгін 17:30

15 жасар алматылық Мария Холявко шахматтан Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды

Бүгін 17:02

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының объектілеріне техникалық турлар

Бүгін 16:40

“Кірпіш жеткізіп беремін”: Астанада тұрғынды 1,3 млн теңгеге алдаған күдікті ұсталды

Бүгін 16:28

16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін

Бүгін 16:05
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);