«Жұмысшы мамандықтары жылы»
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Алматы электромеханикалық колледжі жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір оқу орындарының бірі. Студенттер колледж қабырғасында дәріс ала отырып, кәсіптік-техникалық білім беру аясында тиісті мамандықтар бойынша тәжірибелік дағдыларды игеруге кеңінен мүмкіндік алады.
Алматы электромеханика колледжінің 4-курс студенттері биыл «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Электр жабдықтарын монтаждаушы», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик (Автоэлектрик)» мамандықтары бойынша Германияның жетекші компанияларында болып, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болып отыр.
Өткен оқу жылында колледж ұжымы бірнеше ірі компаниялармен ынтымақтастықта өте белсенді жұмыс жасады. Атап айтсақ, «Actemium miprotek GmbH», «AMP Leuna GmbH», «SITEX Textile Dienstleistungen Simeonsbetriebe GmbH», «Hans Kupfer & Sohn GmbH» секілді танымал неміс компанияларымен меморандумға қол қойылып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолға қойылды. Біздің мұндай қадамға баруымыздың басты себебі – қазіргі заманауи технологиялардың дамып, бәсекелестіктің белең алып отырғаны. Серіктестіктің нәтижесінде шетелдік компаниялармен тығыз байланыс орнап, студенттер заманауи технологияларды меңгереді. Сондай-ақ, кәсіби шеберліктерін шыңдап, халықаралық стандарттарға сәйкес білім алуына зор мүмкіндік туады. Осындай ортақ келісімнің арқасында 20 студентіміз Германияға тәжірибеден өтуге аттанды. Олар Германияның «Actemium miprotek GmbH», «Actemium Cegelec Mitte GmbH, «AMP Leuna GmbH», «SITEX Textile Dienstleistungen Simeonsbetriebe GmbH», «Hans Kupfer & Sohn GmbH» компанияларында тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттыратын болады.
Аталмыш жоба ТОО «Janser HR academy» директоры, Executive MBA, PhD докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, ҚР Құрметті машина жасаушысы Хайрулла Қожабаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқанын зор мақтанышпен айтамыз. Танымал тұлға еліміздегі инженерлік-техникалық мамандарды әлемдік деңгейде даярлауға ерекше үлес қосып келеді. Сонымен қатар, арнайы пән оқытушылары Бұлбұл Мұнбаева, Айнаш Тоқтыманова, Айдана Жұмамұратованың да еңбектерін айрықша атап өткім келеді. Бұл ретте колледж ата-аналары да бізге үнемі қолдау көрсетіп, бірлесе еңбек етіп келеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарға қолдау көрсетіп, тұтас бір жылды арнауы біз үшін үлкен көмек. Бастама аясында аталмыш тәжірибе болашақ мамандардың білімін жетілдіріп қана қоймай, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға да зор үлес қосатын болады. Яғни Германияның ірі компанияларында болып, тәжірибе жинау – студенттеріміздің кәсіби тұрғыда дамуына ғана емес, Қазақстанның индустрия саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретініне сенемін.
Алматы электромеханика колледжі осындай бастамалар арқылы Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде сапалы кадрларды даярлау ісіне қомақты үлес қосады. Бұл тек біздің колледж студенттерінің ғана емес, бүкіл еліміздегі техникалық мамандардың әлеуетін нығайтатын маңызды қадам!