Алматылық еңбеккерлер жастарға өмір жолынан сыр шертті

Алматылық еңбеккерлер жастарға өмір жолынан сыр шертті aqshamnews.kz

А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана мен «Ал­маты қаласы Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері бірігіп, «Жұмысшы маманды­ғы – менің таңдауым» тақы­рыбымен танымдық кездесу ұйымдастырды. Рухани рәуіш­те көрініс тапқан жүздесу кешіне өз ортасында абыройға бөленіп, түрлі салада жүрген еңбек адамдары, дәлірек айтсақ, дәнекерлеуші, сани­тар, троллейбус жүргізушісі және өрт сөндіруші маманда­ры қатысты.

Олар жастарға үлгі-өнеге боларлық еңбек жолынан сыр шертті. Иә, еңбек адамын ұлықтау мақсатында ұйымдасты­рылған іс-шараға жастар көп жиналды. Бізді қуантқаны сол. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялағаны мәлім.

Мақсат – қоғамның басты тірегі саналатын еңбек адамы­на, олардың қажырлы еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу. Жас ұрпақтың еңбек адамына деген құрметін арттыру, жастарды кәсіби техникалық білім  алуға ынталандыру, жас ұрпақты жұмысшы мамандықтарын жатсынбауға шақыру.

Кештің өтуіне мұрындық болған А.П.Чехов атындағы Ор­талық қалалық кітапхананың меңгерушісі Айнұр Балаубаева еңбек адамдарының әр қадамы көпке, әсіресе, жастарға үлгі екенін айта келе, жұмысшы мамандығының мәртебесін бір­лесе көтеруге шақырды. Қарапайым еңбеккерлердің құр­метіне отандық сахна жұлдыздары – Жұбаныш Жексенұлы мен Бейбітгүл Нұрымғожина әннен шашу шашты.

Тақырыпқа орай

Дөңесбай АХАНАЕВ,  «Алматы Су» МКК-нің дәнекерлеуші,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:  

АЛМАТЫДА КОЛЛЕДЖ КӨП, ОҚИМЫН ДЕГЕН БАЛАҒА ОҚУ ТЕГІН 

Осы салада еңбек етіп жүргеніме жиырма сегіз жыл болды. Биыл үлкен марапат алдым. Біздің де еңбегіміз еленеді екен-ау деп қуанғаным рас. Төтенше жағдайлар бола қалса, таңнан кешке дейін желдің өтінде, жаңбыр­дың астында, ақ қар-көк мұзда күй талғамай жүре береміз ғой. Мақсатымыз – Алматы сынды алып мегаполистің тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету. Балаларым, немерелерім бар. Ұрпағыма жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі, кез келген еңбеккер құрметті екенін айтып отырамын. Өзім су маманы болғасын, «судың да сұрауы бар» екенін, оны да үнемдей білген абзал болаты­нын еске салудан жалықпаймын. Бір өкініштісі – бізге жас мамандар келуге ынталы емес. Қазір кәсіптік білім алуға жол ашық, кедергі жоқ. Алматыда колледж көп, оқимын деген балаға оқу тегін. Жастар осы мәселені де ескерсе деймін. 

Мақпал ҚОЖАМСЕЙІТОВА,  №9 троллейбус жүргізушісі,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:  

ЖОЛАУШЫЛАРЫМА ТІЛЕКШІМІН 

Троллейбус тізгіндеп жүргеніме он үш жыл болды. Жолдасыммен осы салада жүргенде танысқанмын. Қазір екі қызымыз бар. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызығы көп, шыжығы да жоқ емес. Қызығы сол, күнде бір бағыт­пен жүріп жүрген соң, көп жолаушыны сонадайдан танып отырасыз, тіпті, туысыңыз секілді сізбен жылы амандаса­ды. Хал-жағдай сұрасамыз. Сегізінші наурызда шоколад ұсынып, көңілімді көтеріп тастайды. Аялдамасынан түсіп бара жатып, «шаршамай жақсы жеттім, рахмет, қызым» деп дорбасындағы алма, алмұртын ұсынатын апалар қан­дай! Күнделікті троллейбусқа отыратын жолаушыларым­ның өзіме деген ықыласына марқайып қаламын. Ал шы­жығы дейтінім, кей жастар үлкендерге орын бермей, салон іші шу болып кетіп жатады. Кейде үйінен көңілсіз шыққандар айналасына, саған да тиісіп өтетіні бар, бірі «желдеткішіңді қос» десе, екіншісі «өшір, ауырып отыр­мын» дейді. Ондай сәттерде сабыр сақтауға, дауыс көтер­меуге, ешкіммен ренжіспеуге тырысамын. Себебі, трол­лейбус тізгінінде отырған менің мойнымда көліктегі және жол бойындағы жүздеген адамның жауапкершілігі, аман­дығы тұрады. 

Айнагүл СИСЕНОВА,  Республикалық Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Клинингтік қызмет бөлімінің санитары:  

ЖАҚСЫЛЫҚ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ШАҚЫРАДЫ 

Біз іргелі медициналық мекеменің тазалығына жауап­тымыз. Мен жұмысымды жақсы көремін. Тазалық үс­темдік құрған жерде тәртіп те, жайлылық та болады. Жансақтау бөлімінде де жұмыс істегенім бар. Онда адам­дарға күтім жасаймыз. Жаны қиналған түрлі науқаспен, түрлі тағдырмен бетпе-бет келесіз. Отаға алып бара жат­қанда жақсы тілек айтып қаламыз. Уақыт ұзап бара жатса, алаңдап жолын күтеміз. Ортамызға оралғанда балаша қуанамыз. Оларды сөзбен демеп жіберу үшін де адамға үлкен жүрек, биік адамгершілік сезімі керек деп ойлай­мын. Жалпы, жұмысыңызды риясыз жақсы көрсеңіз, адамдарды, айналаны жақсы көрсеңіз, сізде бәрі жақсы деген сөз. Жастарға айтарым, кішкентай ғана дүниеден де жақсылық көріп тұруға ұмтылу керек. Ал жақсылық – жақ­сылықты шақырып тұрады.

 Дәурен ШЕРІКБАЙ,  №12 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіру құтқарушысы,  «Азаматтық қорғау» сержанты:  

ЖЫЛДАМДЫҚ ПЕН ЕПТІЛІК ЖӘНЕ ЖҮРЕК КЕРЕК 

Бала күнімде адамдарға көмек көрсетуге, жан-жа­нуарларға да қамқор болуға құштар едім. Міне, бүгінде өрт сөндіруші, құтқарушы қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрмін. Үш жылдай ғана болса да, бұл саланың қыр- сырына терең бойлап келемін. Өрт сөндірушіге бірінші кезекте жылдамдық, ептілік, жүрек керек. Бізге, мысалы, төтенше жағдай туралы дабыл түсетін болса, он тоғыз- жиырма алты секунд арасында қорғаныс киімдерін киіп үлгеруіңіз керек. Себебі, тілсіз жау секундтардан да жыл­дам болады. Аптап ыстықта да үстіңіздегі қалың киіммен оттың ішіне қойып кететін сәттеріміз де көп. Әр сәт маңыз­ды. Тіпті, алып базар өртке оранып жатса, адамдармен бірге олардың күнкөрісіне айналған мүлкін де аман алып қалуға жанталасамыз.

Жалпы, біз 102-ге қандай хабар түседі, мысалы, бала іште кілттеніп немесе мысық темір трубаға кептеліп қалуы мүмкін, сол оқиғаларды үлкен-кіші демей бәрінде тең жүреміз. Ізгілікті мұрат еткен қоғамда біздің қызметіміз де аса маңызды деп білемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:23

15:02

14:57

14:28

14:07

13:47

13:04

12:50

12:16

11:16

10:53

10:21

09:22

09:20

22:11

17:20

16:34

15:42

15:25

14:28

13:31

12:32

12:22

12:09

12:00