Мегаполис төріндегі іргелі А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада "Жұмысшы мамандығы – менің таңдауым" тақырыбымен танымдық кездесу өтті, деп хабарлайды Аqshamnews.kz.
Рухани рәуіште көрініс тапқан жүздесу кешіне өз ортасында абыройға бөленіп, түрлі салада жүрген еңбек адамдары, дәлірек айтсақ, слесарь, санитар, троллейбус жүргізушісі және өрт сөндіруші маман қатысты. Олар жастарға үлгі, өнеге боларлық еңбек жолынан сыр шертті.
"Алматы Су" МКК-нің Түрксіб ауданы бойынша бөлімшесінің слесары, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Дөңесбай АХАНАЕВ:
"Жиырма сегіз жыл болды осы бір салада еңбек етіп жүргеніме. Биыл үлкен марапат алдым. Біздің де еңбегіміз еленеді екен-ау деп қуанғаным рас. Төтенше жағдайлар бола қалса, таңнан кешке дейін желдің өтінде, жаңбырдың астында, ақ қар-көк мұзда күй, бап талғамай жүре береміз ғой. Мақсатымыз – Алматы сынды алып мегаполистің тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету. Балаларым, немерелерім бар. Ұрпағыма жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі, кез келген еңбеккер құрметті екенін айтып отырамын. Өзім су маманы болғасын, "судың да сұрауы бар" екенін, оны да үнемдей білген абзал болатынын еске салудан жалықпаймын. Бір өкініштісі – бізге жас мамандар келуге ынталы емес. Қазір кәсіптік білім алуға жол ашық, кедергі жоқ. Алматыда колледж көп, оқимын деген балаға оқу тегін. Жастар осы мәселені де ескерсе деймін"- деді ол.
Иә, еңбек адамын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жастар көп жиналды. Бізді қуантқаны сол. Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтарының жылы" деп жариялағаны мәлім.
№9 троллейбус жүргізушісі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Мақпал ҚОЖАМСЕЙІТОВА:
"Троллейбус тізгіндеп жүргеніме он үш жыл болды. Жолдасыммен осы салада жүргенде танысқанмын. Қазір екі қызымыз бар. Жұмысым өзіме ұнайды. Қызығы көп, шыжығы да жоқ емес. Қызығы сол, күнде бір бағытпен жүріп жүрген соң, көп жолаушыны сонадайдан танып отырасыз, тіпті, туысыңыз секілді сізбен жылы амандасады. Хал-жағдай сұрасамыз. Сегізінші наурызда шоколад ұсынып, көңілімді көтеріп тастайды. Аялдамасынан түсіп бара жатып, "шаршамай жақсы жеттім, рахмет, қызым!" деп дорбасындағы алма, алмұртын ұсынатын апалар қандай! Мәселе бергенде емес, күнделікті троллейбусқа отыратын жолаушылардың өзіңе деген ықыласына марқайып қаламын. Ал шыжығы дейтінім, кей жастар үлкендерге орын бермей, салон іші шу болып кетіп жатады. Кейде үйінен көңілсіз шыққандар айналасына, саған да тиісіп өтетіні бар, біреуі желдеткішіңді қос десе, екіншісі өшір, ауырып отырмын дейді. Ондай сәттерде сабыр сақтауға, дауыс көтермеуге, ешкіммен ренжіспеуге тырысамын. Себебі троллейбус тізгінінде отырған менің мойнымда көліктегі және жол бойындағы жүздеген адамның жауапкершілігі, амандығы тұрады"- деді.
"Жұмысшы мамандықтарының жылы" – бұл қоғамның басты тірегі саналатын еңбек адамына, олардың қажырлы еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу.
Республикалық Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ның клинингтік қызмет бөлімінің санитары Айнагүл СИСЕНОВА:
"Біз іргелі медициналық мекеменің тазалығына жауаптымыз. Мен жұмысымды жақсы көремін. Тазалық үстемдік құрған жерде тәртіп те, жайлылық та болады. Жансақтау бөлімінде де жұмыс істегенім бар. Онда адамдарға күтім жасаймыз. Жаны қиналған түрлі науқаспен, түрлі тағдырмен бетпе-бет келесіз. Отаға алып бара жатқанда жақсы тілек айтып қаламыз. Уақыт ұзап бара жатса, алаңдап жолын күтеміз. Ортамызға оралғанда балаша қуанамыз. Оларды сөзбен демеп жіберу үшін де адамға үлкен жүрек, биік адамгершілік сезімі керек деп ойлаймын. Жалпы, жұмысыңызды риясыз жақсы көрсеңіз, адамдарды, айналаны жақсы көрсеңіз, сізде бәрі жақсы деген сөз. Жастарға айтарым, кішкентай ғана дүниеден де жақсылық көріп тұруға ұмтылу керек. Ал жақсылық жақсылықты шақырып тұрады"- деді маман.
Айтулы жылдың мақсаты да сол, жас ұрпақтың еңбек адамына деген құрметін арттыру, жастарды кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру, жұмысшы мамандықтарын жатсынбауға шақыру.
№12 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіру құтқарушысы, "Азаматтық қорғау" сержанты Дәурен ШЕРІКБАЙ:
"Бала күнімде адамдарға көмек көрсетуге, жан-жануарларға да қамқор болуға құштар едім. Міне, бүгінде өрт сөндіруші, құтқарушы қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрмін. Үш жылдай ғана болса да, бұл саланың қыр-сырына терең бойлап келемін. Өрт сөндірушіге бірінші кезекте жылдамдық, ептілік, жүректілік керек. Бізге, мысалы, төтенше жағдай туралы дабыл түсетін болса, он тоғыз-жиырма алты секунд арасында қорғаныс киімдерін киіп үлгеруіңіз керек. Себебі тілсіз жау секундтардан да жылдам болады. Аптап ыстықта да үстіңіздегі қалың киіммен оттың ішіне қойып кететін сәттеріміз де көп. Әр сәт маңызды. Тіпті, алып базар өртке оранып жатса, адамдармен бірге олардың күнкөрісіне айналған мүлкін де аман алып қалуға жанталасамыз. Жалпы, біз 102-ге қандай хабар түседі, мысалы, бала іште кілттеніп немесе мысық темір трубаға кептеліп қалуы мүмкін, сол оқиғаларды үлкен-кіші демей бәрінде тең жүреміз. Ізгілікті мұрат еткен қоғамда біздің қызметіміз де аса маңызды деп білемін" деді ол.
Кешті қорытындылаған А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхананың меңгерушісі Айнұр Балаубаева еңбек адамдарының әр қадамы көпке, әсіресе жастарға үлгі екенін айта келе, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге шақырды.
Ал отандық сахна жұлдыздары – Жұбаныш Жексенұлы мен Бейбітгүл Нұрымғожина жаны ізгі меймандарға әннен шашу шашты.