Алматыға трамвайды қайтарудың тиімділігі неде? Урбанист пікір білдірді

Алматыға трамвайды қайтарудың тиімділігі неде? Урбанист пікір білдірді Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

Алматыдағы көлік кептелісі мен қою түтін тұрғындарды әбден мезі еткені белгілі. Қаланың ауа сапасына теріс әсер ететін басты себептердің бірі - жеке автокөлікке тәуелділіктің артуы. Осы проблемаларды шешу үшін кейінгі жылдары қала билігі қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Соның бір дәлелі - осыдан он жыл бұрын тоқтатылған трамвай жүйесін қайта іске қосу туралы шешім. Бұл жаңалықты өткен айдың соңына таман Алматыда өткен халықаралық SHARE сәулет форумында «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде трамвай Төле би көшесіндегі «Барлық» базарынан бастап бұрынғы дәліз бойымен жүреді, кейін әуежайға дейін созылып, қаланың батысы мен шығысын байланыстырады. Жоба бес жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін. Осыған орай Aqshamnews.kz тілшісі бұл жобаның тиімділігі мен болашағына қатысты мамандар пікірін білген еді.

Сурет: kolesa.kz

«Басты мақсатымыз – тұрғындардың қаладағы негізгі полицентрлер арасында 20 минутта еркін қатынауына жағдай жасау», – деді ол.

Бұл бастаманы сарапшылар да  қоштап отыр. Urban Living компаниясының негізін қалаушы әрі  бас директоры, урбанист Гүлмира Байғабылованың «Адамдар үшін арналған қалалар» идеясын насихаттап келе жатқанына он жылдан асқан.  Ол трамвай жүйесін де адамға лайықтап  қайта жаңғырту – дұрыс бағыттағы қадам екенін айтады. 

Сурет: Гүлмира Байғабылованың жеке мұрағатынан, Vecher.kz

Бірақ оның тиімді болуы үшін бірнеше маңызды шарт орындалуы тиіс.

  • Біріншіден, трамвай қозғалысы жиі әрі кестеге сай болуы қажет.
  • Екіншіден, метро және автобус жүйелерімен біртұтас төлем картасы арқылы ыңғайлы байланысуы керек.
  • Үшіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық қолжетімділік қамтамасыз етілуі маңызды.

Сонымен қатар жаңа бағыттар тұрғындардың нақты сұранысына сай жоспарланып, басқа көлік ағындарымен қақтығысты болдырмауы тиіс. Заманға  сай, төмен еденді, дыбыссыз жүретін вагондар пайдаланылып, трамвай жолдарының бойы көгалдандырылып, іргелес көшелер абаттандырылса ғана тұрғындар оны ыңғайлы әрі сенімді көлік ретінде қабылдайды.

Маманның айтуынша, трамвайдың экологиялық артықшылығы да көп.

Ол электр қуатымен жұмыс істейді және іштен жанатын қозғалтқышы бар автомобильдер мен автобустарға тән көмірқышқыл газын (CO₂), азот тотығы, күйе және басқа да зиянды заттарды тікелей бөлмейді. Бұл – Алматы үшін ерекше маңызды, себебі қаланың географиялық орналасуына (аңғарлы жер бедері мен ауа айналымының әлсіздігіне) байланысты шығарындылар жер бетіндегі ауа қабатында ұзақ сақталып қалады. Сонымен бірге заманауи вагондардың барлығы дерлік дыбыссыз қозғалады, бұл қаладағы акустикалық ластануды азайтады. Электр қозғалтқыштар жылу аралдарын туындатпайды.

Гүлмира Масабайқызы бір трамвай жүз автокөлікті алмастыра алады екен. Демек, ол тек экологиялық тұрғыдан ғана емес, энергия тиімділігі тұрғысынан да ұтымды көлік түрі болмақ.

Коллаж: Нұрболсын Өрісұлы

Алматы үшін трамвай таңсық емес. Қаланың рельсті көлік тарихы сонау 1937 жылдан бастау алады. Бір кездері қала көшелерінде бірнеше бағыт жұмыс істеп, тұрғындардың күнделікті тіршілігінің бөлінбес бөлігіне айналған еді. Алайда 1990-жылдардың ортасынан бастап бағыттар қысқара бастады, ал 2015 жылдың 30 қазанында соңғы трамвай тоқтап, көп ұзамай жолдары мен электр желілері түгел алынып тасталды. Ондағы себеп, осы көліктің қатысумен болған жол апаттарының жиілеуі еді. Осылайша, Алматының бір белгісіне айналған көлік түрі тарих сахнасынан кетті.

Енді он жылдан кейін трамвайды Алматыға қайтару көзделіп отыр. Алайда бұл жолы оның тағдыры – тек символдық мәнде емес, нақты қалалық қажеттілік ретінде қаралуы тиіс. Жоба сәтті болуы үшін әр қадамы мұқият жоспарланып, заманауи талаптарға сай жылжымалы құрам, қолжетімді тариф, ыңғайлы маршруттар мен толыққанды көлік интеграциясы қамтамасыз етілуі қажет.

«Қайтқан малда қайыр бар» дейді халқымыз. Егер бұл бастама урбанистер мен қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жүзеге асырылса, трамвай – Алматының көлік жүйесіндегі нағыз тиімді, жайлы әрі экологиялық таза баламаға айналуы әбден мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:57

20:30

17:51

17:26

17:06

16:41

16:41

16:33

16:22

16:10

16:01

15:55

15:48

15:34

15:30

15:19

15:13

15:07

14:55

14:39

14:28

14:11

12:12

11:43

11:28