15 маусымда елордадан Алакөл курортты аймағына «Астана-Достық» №257/258 бағдары бойынша алғашқы пойыз жөнелтілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қазақстан темір жолы компаниясынан мәлім еткендей, пойыз аптасына екі рет: астанадан – жексенбі, бейсенбі сайын, Достық станциясынан – дүйсенбі және жұма сайын қатынайды. Пойызға 346 жолаушы сияды.
Бағдардың Астанадан Алакөлге дейінгі ұзындығы – 1399 км. Пойыз жолда 21 сағат 45 минут жүреді. «Тальго» пойызы – Алакөлге жетудің оңтайлы жолы. Вагондар ауа желдеткіш, биодәретхана, розеткамен жабдықталған. Жолаушылар үшін vputi.kz мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді. Пойызда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін «гранд» санатындағы вагондар, вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған. Билет құны вагон санатына қарай 17 мың теңгеден басталады.
Ал Алматыдан Алакөлге дейін «Тальго» вагондарынан құралған екі жолаушылар пойызы қатынайды:
- №211/212 «Алматы-Достық» (346 жолаушы орны бар) күнара: Алматыдан – жұп күндері, Достықтан – тақ күндері;
- №253/254 «Алматы-Достық» (276 жолаушы орны бар) күнара: Алматыдан – тақ күндері, Достықтан – жұп күндері.
Алматы мен Достықтың арасы 846 км жол, жолға кететін уақыт – 17 сағат 35 минут. Билет құны 11 мың теңгеден басталады.
«Тальго» пойыздарының арнайы орындарына ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін билетке 70% жеңілдік қарастырылған. Билеттерді кассадан немесе https://bilet.railways.kz сайты арқылы комиссиясыз сатып алуға болады.
Сонымен қатар Алакөл бағытында жазғы мезгілде 8 бағдар бойынша жолаушылар пойыздары қатынайды:
- №53/54 «Астана-Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ );
- №122/6941/6942/121 «Астана-Достық» пойызы(жеке тасымалдаушы «АрайТрансКЗ» ЖШС);
- №221/222 «Алматы – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
- №22/6941/6942/21 «Алматы – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
- №337/338 «Алматы – Достық» пойызы (жеке тасымалдаушы «Vagon Service Almaty» АҚ;
- №457/458 «Семей – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
- №459/460 «Өскемен – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ);
- №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» қала маңы пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ)