Алматыда, әсіресе жастар арасында музейге, өнер мен мәдени жобаға қызығушылық артты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Замандық көрме форматтары, цифрландыру мен интерактивті жобалар музейлерге жаңа аудитория тартып, өнерді барлық жастағыларға қолжетімді етуге көмектесіп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі директорының көрме қызметі мен сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары Мөлдір Бигелдиева осылай деп мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Алматының музейлері бара-бара аудиторияның сұранысына бейімделіп, цифрлық технологияларды, интерактивті форматтар мен инклюзивті шешімдерді біртіндеп енгізіп жатыр екен.
«Қазір әлемде өнер мен музейге деген қызығушылық артып келеді. Біз жастардың көрмеге жиі барып, өнер тарихына қызығушылық танытып, мәдени жобаларға қатысып жүргенін көріп отырмыз», — дейді спикер.
Музейде цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2014 жылы Қастеев музейі Қазақстанда алғашқылардың бірі болып барлық көрме залдары бойынша үш тілде тегін аудиогид жүйесін енгізген. Аудиогидке қолжетімділік беретін QR-кодтар музей экспозицияларына тікелей енгізілген.
Сонымен қатар музейде интерактивті форматтар белсенді дамып келеді. Олардың қатарында IZItravel платформасы арқылы музейлік квесттер, шығармашылық шеберлік сабақтары, екі тілдегі өнер туралы дәрістер, сондай-ақ жастарға арналған арнаулы танымдық бағдарламалар да бар.
Ең сұранысқа ие жобаның бірі — көру қабілеті төмендерге арналған тактильді паннолар. Бұл формат музейге келетіндердің бәріне жаққан.
«Қастеев музейі тұрақты экспозициясына инклюзивті элементтер енгізген Қазақстандағы алғашқы музейдің бірі болды. Қазір тактильді панноларды ұнатпайтын адам жоқ», — деп толықтырып өтті сөзін Мөлдір Бигелдиева.
Музейдегілердің айтуынша, соңғы 5–7 жылда көркемөнер көрмесі мен музейге ықылас артқан. Бұрын көркемөнер музейі элиталық орын ретінде қабылданса, қазір олар қаланың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналды.
Сондай-ақ экспозицияларды жаңғырту мен көрме кестесін тұрақты жаңарту жұмысы да жалғасып жатыр. Мамандардың пікірінше, классикалық өнер мен осы заманғы форматың үйлесімі жаңа аудитория тартуға сеп болып жатыр.
Мөлдір Бигелдиева Халықаралық музей күніне дайындық туралы да айтып өтті. Оны жыл сайын 18 мамырда атап өтеді. Осыған орай келіп-кететіндерге арнап кешкі бағдарлама да әзірлепті.
«Сағат 16:00-ден 24:00-ге дейін қонақтарды музыкалық шоулар, перформанстар, квесттер мен басқа да мәдени іс-шарадан тұратын мазмұнды бағдарлама күтеді. Кейбір тосынсый әзірге құпия болып қалады», — деді ол.
Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) ұсынымына сәйкес, биылғы кештің тақырыбы «Бөлінген әлемді біріктіретін музейлер» деп аталып отыр.
Спикердің айтуынша, «Музей түні» акциясы Алматыдағы ең үлкен мәдени іс-шараның біріне айналып, оған жыл сайын 10–15 мыңға жуық адам келмек. Бағдарлама бірден екі форматта — музейдің көрме залдары мен музей ауласындағы open air алаңында өтеді. Қонақтарға көрме, перформанс, шеберлік сабағ, музыкалық және театрланған қойылым ұсынылады.
Бағдарлама аясында музей қорынан дайындалған және «Самұрық-Қазына Траст» қорының 10 жылдығына арналған «Жеті қазына» көрмесі ашылады. Балалар мен жасөспірімдер үшін «Жеті қазына» атты интерактивті квест ұйымдастырылады.
Сондай-ақ JUNIOR MODELS SHOW fashion-перформансы, концерттік бағдарлама, театрлардың, музыканттардың, этно-орындаушылардың, әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Музейдің маркетинг, жобалау мен сыртқы байланыстар бөлімінің жетекшісі Оксана Танская өткен жылдары «Музей түні» акциясының ең танымал бөліктерінің бірі әйгілі өнер туындыларының желісі бойынша қойылған «жанданған картиналар» болғанын атап өтті.
«Әдетте “жанданған картиналар” Қастеев музейінің өзіндік визит картасына айналған еді. Алайда биыл біз үзіліс жасауды жөн көрдік, себебі бағдарлама өнердің түрлі бағытын біріктіріп, ортақ шығармашылық кеңістік құруға бағытталады», — дейді Оксана Танская.
Жастарға жаққаны «инстаграмдық» залдар екен. Бұл — жарқын көркем безендіруі мен осы заманғы визуалды ұсынысы бар кеңістіктер. Қазіргі таңда орыс пен Батыс Еуропа өнері залынан жастарды көптеп байқауға болады.
Акция өтетін күні музейге кіру тегін. Сонымен қатар сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін қазақ және орыс тілдерінде тегін экскурсия ұйымдастырылады.
Музейде мәдени ортаны дамыту мен өнерге деген қызығушылықты арттыру Алматы музей қауымдастығындағы жұмыстың негізгі болып қала бермек.