Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Алматы қаласында орналасқан кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіздіктегі №11 мекемесіне жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында уәкіл сотталғандардың жағдайымен танысты. Олардың тамақтану сапасын тексерді. Медициналық қызмет көрсету деңгейін бағалады.
“Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев мырза кәмелетке толмаған тәрбиеленушілермен жеке сұхбат жүргізді. Олардың болашақтағы арман-мақсатын сұрап, ой-пікірін бөлісті. Мекеме кітапханасына деп ала келген кітаптарын табыстады. Жалпы, сапардың мақсаты – жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер құқығының сақталуын бақылау”, - дейді N11 мекеменің әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкері Еркегүл Жеңісхан.
Сол күні колонияның спорт алаңында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кубогы үшін шағын футболдан алғашқы турнир өтті. Турнирге 3 команда - мекеме қызметкерлерінің құрамасы және “Рузаевка” мен “АРД” жасөспірімдер клубы қатысты.
Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Бұл тек спорттық қана емес, қатысушыларды біріктіретін, команда болып әрекет етудің нәтижесін насихаттайтын және жастардың өзінің қабілет-қарымын көрсетуге мүмкіндік беретін жарыс.
Жарыс нәтижесінде “Рузаевка” жеңіске жетіп, омбудсмен кубогін иеленді. “Ең үздік қақпашы”, “Ең үздік қорғаушы”, “Ең үздік шабуылшы” және “Белсенді жанкүйер” номинациялары бойынша да марапатталған балалардың бір серпіліп қалғаны анық.
Жалпы, турнир жастарды қолдау мен олардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған маңызды іс-шара болды.

Нұржамал ӘЛІШ