Бұл туралы Қазақстан Құрылысшылар одағының Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев айтып берді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Құрылыс сапасын бақылаудың қолданыстағы тетіктері, үлескерлердің қаражатын заңды түрде тарту мен нарықтың ашықтығын арттырудың жаңа құралдары туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Құрылысшылар одағының Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев айтып берді.
Спикердің айтуынша, Алматыдағы тұрғын үй құрылысы нарығында заңнама шеңберінде жұмыс істейтін бірнеше жүйелі компания бар. Бұл ретте сатып алушылардың сенімін арттыру үшін құрылыс процестерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтарға сатып алатын тұрғын үйі туралы негізгі ақпаратты өз бетінше тексеруге мүмкіндік берген дұрыс болады.
«Қазақстан Құрылысшылар одағы үлестік құрылыс нарығы азаматтар үшін ашық, заңды және қауіпсіз болғанын қолдайды. Жекелеген заң бұзушылық бүкіл құрылыс саласы туралы теріс түсінік қалыптастырмауы тиіс. Компаниялардың басым көпшілігі заң шеңберінде жұмыс істейді, олар өркениетті нарықты дамытуға мүдделі», – деп түсіндірді Тимур Нұртаев.
Спикер нарықтың ашықтығын арттыратын фактордың бірі ретінде сатып алушылардың ақпараттандырылған тәсілін атады. Пәтер сатып алмас бұрын азаматтарға тұрғын үйдің бағасы мен сипаттамасын ғана емес, құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға заңнамада көзделген негізінің, рұқсат құжаты мен қаржыландыру тетігінің бар-жоғын бағалау ұсынылады.
Тимур Нұртаевтың айтуынша, қаражат тартудың заңды тетігінің болуы мен заңнамада көзделген ипотекалық құралдарды пайдалану мүмкіндігі сатып алушылар үшін тұрғын үйді таңдау кезінде қосымша критерийге айналды.
«Бүгінде сатып алушы мәміленің заңды жағына, қаржыландыру шарты мен құрылыс салушының сенімділігіне көбірек мән береді. Азаматтар сатып алып отырған пәтердің артында қандай құжат пен кепілдік тұрғанын түсініп, шешімді тексерілген ақпарат негізінде қабылдауы керек», – деп толықтырды Қазақстан Құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры.
Саланың ашықтығын арттырудың тағы бір бағыты ретінде Қазақстан Құрылысшылар одағы құрылыс процесін цифрландыруды атап отыр. Ұйым құрылыс салушыны, құрылыс тобы мен клиентті бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіретін цифрлық платформаны әзірлеп, енгізіп жатыр.
Платформа құрылыс жұмысының негізгі кезеңі мен динамикасын бақылауға, нысаннан фото мен бейне есеп алуға, сондай-ақ құжат пенен төлем тарихын көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс материалы мен конструкцияларын зертханалық сынақтан өткізудің нәтижесі туралы ақпаратқа қолжетімділік жағы да қарастырылған.
Жеке функционал сатып алушыларды жедел ақпараттандыруға бағытталған. Хабарламалар құрылыс барысындағы негізгі оқиғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді, ал цифрлық байланыс құралдары жобаға жауапты қызметкерлермен өзара байланыс жасауға ықпал етеді.
Спикердің айтуынша, мұндай тәсіл құрылыс процесін сатып алушы үшін түсініктірек етіп, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде ақпараттандырылу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Цифрлық құралдар сатып алушыға құрылыстың қалай жүріп жатқанын көруге, негізгі кезеңдер туралы ақпарат алып, жоба құжатымен танысуға мүмкіндік береді. Тексеруге болатын ақпарат неғұрлым ашық болса, тұрғын үй сатып алу кезінде оған бағдарлану соғұрлым оңай болады», – деді спикер.
Сонымен қатар құрылыс сапасын бақылаудың негізін кәсіби және мемлекеттік рәсімдер құрайды. Алматыда нысандардың сейсмотөзімділігіне қойылатын талаптың сақталуына да мән береді.
Бақылау жобалық құжаттама мен сараптамадан бастап бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Жобалау кезінде геологиялық ізденістердің нәтижелері, сейсмотөзімділік талаптары мен қала құрылысы регламенттері ескеріледі.
Құрылыс барысында бақылау техникалық және авторлық қадағалау өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Пайдаланылатын материалдардың сапасы, көтергіш конструкцияларды арматуралау мен монтаждау жұмысы тексеріледі, зертханада сынақтан өтіп, жасырын жұмысқа арналған актілер рәсімделеді.
Жеке бағыт ретінде заңнама талаптарының сақталуы мен қажетті рұқсат құжатының болуына мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Оның ішінде жер учаскесіне қатысты құжат пен құрылыс-монтаждау жұмысының басталғаны туралы хабарламаның болуы тексеріледі.
Сонымен қатар сатып алушыға мәміле жасамас бұрын құжаттарды өз бетінше тексеру ұсынылады.
Атап айтқанда, құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға заңды негіздерінің бар екеніне көз жеткізу, жер учаскесінің нысаналы мақсатын тексеру мен нақты тұрғын үй кешені туралы ресми ақпаратпен танысу қажет. Мәміле жасасу кезінде үлестік қатысу шартының заңнамада белгіленген тәртіппен рәсімделіп, тіркелетініне көз жеткізу керек.
«Сатып алушы жарнамалық материалдардағы ақпаратпен ғана шектелмеуі керек. Тұрғын үй сатып алмас бұрын нысанға қатысты құжаттарды, үлескерлердің қаражатын тарту негіздерін және шартты рәсімдеу тәртібін тексеру қажет. Мұндай тәсіл шешімді толық ақпарат негізінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Тимур Нұртаев.
Спикер құрылыс саласын дамытудың халықаралық және отандық тәжірибесі кешенді тәсілдің маңыздылығын көрсететінін де атап өтті. Бұл ретте жобаның сапасы мен ашықтығына жауапкершілік құрылыс салушы, құрылыс бақылауы мамандары, мемлекеттік орган мен сатып алушының өзі арасында бөлінеді.
Қазақстан Құрылысшылар одағы Алматы филиалы директорының айтуынша, нарықтың ашықтығын одан әрі арттыру, оның ішінде цифрлық шешімді дамытуға, азаматтардың ақпараттану деңгейін арттырып, тұрғын үй жобасын іске асырудың барлық кезеңінде белгіленген талапты сақтауға байланысты.
«Сапалы және заңды құрылыс – бұл құрылыс нормалары мен заңнаманы сақтау ғана емес. Бұл ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі мен қаланың орнықты дамуы үшін де керек», – дейді Тимур Нұртаев.