Қашаған – әлемдегі ең күрделі теңіз жобаларының бірі, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Атырау облысына жұмыс сапары аясында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров бастаған делегация NCOC компаниясының өндірістік нысандарын аралады.
Министрлік өкілдері Каспий теңізінің акваториясына әуеден шолу жасап, жасанды «Д» аралына барды. Бастапқыда бұрғылау жұмыстарына арналған бұл нысан қазіргі уақытта пайдалану-технологиялық кешен ретінде қызмет атқарады және EPC2, EPC3 және EPC4 қосалқы аралдарын біріктіреді. Нысанды салу барысында шамамен 3,5 млн тонна тау жынысы пайдаланылған.

Теңіз кешенінде жоғары қысымдағы өндірілетін флюид мұнай мен газға бөлінеді. Шикі газдың бір бөлігі қабат қысымын ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады. Қалған газ көлемі мен мұнай құбыр жүйесі арқылы құрлықтағы «Болашақ» Мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына одан әрі экспортқа дайындау үшін тасымалданады.
«Қашаған – әлемдегі ең күрделі теңіз жобаларының бірі. Операторға қойылатын негізгі талаптар – жабдықтардың апатсыз жұмыс істеуі, мамандардың қауіпсіздігі және Каспийдегі экологиялық стандарттардың қатаң сақталуы. Бұл, әсіресе, алдағы қысқы кезеңде аса маңызды», – деп атап өтті Ерлан Акбаров.
Сапар барысында аралдың қорғаныш гидротехникалық құрылыстарының және Солтүстік Каспийдің мұз жағдайында жұмыс істеуге арналған кезекші мұзжарғыштар флотының дайындығы бағаланды.
Сонымен қатар вице-министр «Шапағат» және «Қарлығаш» тұрғын үй кешендеріндегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен танысты. Ол жоба операциондық қызметіндегі қазақстандық мамандардың үлесі 90 пайыздан асатынын атап өтті.
Сапар аясында NCOC компаниясы Энергетика министрлігінің делегациясына «Болашақ» МГКДҚ-дағы жұмыстардың қазіргі барысы туралы ақпарат беріп, бүгінгі күнге дейінгі өндірістік қызметінің нәтижелері жөнінде есеп берді.