V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 11 күн қалды.
Биылғы ойындарға Алматыдан екі спортшы қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Ұлттық және ат спорты клубының жетекшісі Нұрлан Оспановтың айтуынша, әр өңірден ойындарға қатысатын «елшілер» мен бір «батыр» спортшы тағайындалады. Олардың міндеті – ойындардың маңыздылығы мен ерекшеліктерін насихаттау, сондай-ақ кездесулер мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру.
«ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанынан 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған дирекция құрылды, ол толығымен ұйымдастыру мәселелерімен айналысады. Біздің міндетіміз – Алматыда көшпенділер ойындарын насихаттау және іс-шаралар барысында Астанадағы ойындарға қатысу. Бұл туристерге Алматы қаласын, оның тарихын, спортын және ұлттық қолөнерін таныстыру үшін жасалады», – деп бөлісті Нұрлан Оспанов.
Алматыдан екі спортшы ел намысын «қазақ күресі» бойынша қорғайды. Оларға үлкен үміт артылып отыр, әсіресе халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерасыл Жанатаевқа артылған сенім мол.
Қазіргі уақытта Астанада оқу-жаттығу жиындарының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Спортшыларды іріктеу Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының жүлдегерлері арасынан жүргізілді.
Дайындық барысында 52 халықаралық және республикалық оқу-жаттығу жиындары мен 40 жарыс (23 халықаралық және 17 республикалық) өткізілді.
Алматы қаласының координаторларының бірі, еңбек сіңірген спорт қайраткері Айталап Құрғамбаев спортшылардың жарыстарға жақсы дайындықпен келетініне сенім білдірді.
«Бұл іс-шараға әлемнің 89 елінен қатысушылар келеді деп күтілуде. Бұл елге өзінің ұлттық тарихын, мәдениетін және спортын көрсетуге үлкен мүмкіндік. Егер біз осы мүмкіндікті пайдалана алсақ, туристік бағыттағы жұмысымызды жандандырамыз. Қазанат ипподромында 10 гектар алаңда этноауыл мәдени бағдарламасы ұйымдастырылады. Еліміздің әрбір өңірі үш киіз үй тігіп, өздерінің тарихын, мәдениетін және қолөнерін көрсетеді», – деп толықтырды ол.
Брифингке республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы да қатысты. Ол бұл ойындар – қазақ халқының бірегей ұлттық болмысын әлемге паш ету мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Алдағы іс-шара көшпенділер ойындарының әлемдегі деңгейін ғана емес, Қазақстанның мәдени және спорттық құндылықтарын да көрсетеді. Біздің ұлттық спорт түріміз – «құсбегілік» алдыңғы төрт ойынның бағдарламасына кірмеген еді, бірақ биыл ол енгізіліп отыр, біз бұған өте қуаныштымыз. Бүркіт – қазақ рухы мен төзімділігінің символы, ол сондай-ақ біздің ұлттық туымызда бейнеленген», – деп бөлісті Бағдат Мүптекеқызы.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – елдер арасындағы мәдени және спорттық байланыстарды нығайтатын, сондай-ақ ұлттық мұраны насихаттауға ықпал ететін маңызды іс-шара.