Алматыда үш жыл ішінде ондаған мың тұрғынның су және электрмен қамтылу сапасы жақсарды
Соңғы үш жылда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың басшылығымен инфрақұрылымға қатысты көптеген мәселе шешімін тапты: қалада 538 шақырым су құбыры және кәріз жүйелері жаңадан салынып, қайта жаңғыртылды, энергетика саласында ірі жобалар жүзеге асырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Бұл жаңа тұрғын алаптарын орталықтандырылған жүйелерге қосуға және бұрыннан бар аудандардағы, соның ішінде Алатау, Наурызбай және Жетісу аудандарындағы қызмет көрсетудің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, электрмен жабдықтау саласында да ауқымды жобалар белсенді түрде іске асырылып жатыр. 2022 жылы 138 шақырым электр желілері жаңғыртылды. 2023 жылы қуаты 100 МВт болатын жаңа «Алмагүл» қосалқы станциясы салынды, ол қаланың оңтүстік бөлігіндегі шамамен 200 мың тұтынушыны электр қуатымен қамтамасыз етті. Бұған қоса, қаланың бес ауданында жалпы ұзындығы 197,97 шақырым желі қайта жаңартылды.
2024 жылы Алмаарасан, Көкшоқы, Ерменсай, Әлмерек және Қайрат сияқты жаңа шағын аудандарды электрмен қамту жұмыстары басталды. Түрксіб ауданында қуаты 80 МВт болатын қосалқы станцияның құрылысы жалғасып жатыр. Жалпы, 2024 жылы 223 шақырым әуе және кабельдік желілер тартылды, бұл электр желілерінің тозу деңгейін 64,5%-ға дейін төмендетуге және 200 мыңнан астам тұтынушыны үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2025 жылы жеті жаңа жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 110/6-10 кВ кернеулі ПС қосалқы станциясы мен үш тарату қосалқы станциясының құрылысы бар. Желілердің жалпы ұзындығы 123 шақырым болады, бұл желілердің тозуын 63,3%-ға дейін азайтып, Медеу, Жетісу, Түрксіб және Алатау аудандарында электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі және кезең-кезеңімен – Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Алматы қаласының тұрақты даму жоспарына сәйкес жүргізіліп отыр.