Алматы әкімдігі жанындағы ҮЕҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің отырысында мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын дамытудың негізгі тәсілдері талқыланды. Жиында Жаңа Конституцияның ережелерін түсіндіру, сондай-ақ «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» идеологиялық бастамаларын ілгерілету мәселесіне айрықша назар аударылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық тыңдауларға қатысуы, әлеуметтік инновацияларды дамыту және жұмыстың жаңа форматтарын енгізу мәселелері қаралды. ҮЕҰ-ның конституциялық реформалардың мәнін халыққа түсіндіруде және азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Отырысты ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов азаматтық сектордың стратегиялық маңызын атап өтті:
– Алматының азаматтық секторы қоғам мен мемлекет арасындағы маңызды байланыстырушы буын. Мемлекет үшін бұл – ортақ міндеттерді шешудегі лайықты әрі тең серіктес, – деді ол.

Сондай-ақ ол былтыр Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды дамыту, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту және мемлекеттің халықпен өзара іс-қимылын нығайту бағыттарын айқындайтын Ішкі саясат тұжырымдамасын бекіткенін еске салды. Аталған құжатқа негізгі идеологиялық бағдарлар енгізілген.
Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық жауапкершілікті ілгерілетіп, азаматтардың абаттандыру мен қоршаған ортаны қорғауға қатысуының жаңа мәдениетін қалыптастырады. Бұл бастама әр адамның жеке тәртібіне, ҮЕҰ мен азаматтық сектордың белсенді араласуына мән береді және ұлттық құндылықтар мен әлеуметтік маңызы бар бағдарламалармен сабақтасып жатыр.
«Заң мен тәртіп» идеологемасы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп қағидатын орнықтырып, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында құқықтық мәдениет, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырады. Оны іске асырудағы маңызды тетік – ҮЕҰ бастамалары, волонтерлік бағдарламалар мен азаматтық сектор жобалары арқылы қоғамның белсенді қатысуы. Бұл заңға бағыну мәдениетін нығайтуға, халыққа құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, сондай-ақ қоғамдық нормалар мен ережелерді құрметтеу дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді.

Ішкі саясаттың келесі қағидаты – «Адал азамат». Бұл бастама азаматтардың бойында адалдық, ұқыптылық және жеке жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Оны жүзеге асыру үшін ҮЕҰ бастамалары, білім беру және ағартушылық бағдарламалар арқылы қоғамды кеңінен тарту қажет.
Осылайша, аталған бастамалар мен қағидаттардың тоғысуы мемлекет, қоғам және әрбір азамат әділ, орнықты әрі үйлесімді даму жолында бірлесе әрекет ететін «Әділетті Қазақстанды» құрудың берік негізін қалайды.
Белгілі болғандай, республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы қабылданды. Қаланың үкіметтік емес ұйымдары бұл маңызды оқиғаға белсенді қатысып, мемлекет пен қоғамның заманауи басымдықтарын айқындайтын жаңартылған құқықтық негізді қолдады. Жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына, демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға кең мүмкіндік береді.
Абзал Нүкеновтің айтуынша, бұл – тек қатаң сақталуы тиіс негізгі құжат қана емес, сонымен бірге оны халық арасында жан-жақты түсіндіру де аса маңызды.
– Түсіндіру жұмыстарын жалғастыру өте маңызды. Халық өз құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттің басымдықтарын, сондай-ақ қоғам өміріне араласудың маңызын түсінуі керек. Конституцияда мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, соның ішінде құқықтық мемлекетті дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтық белсенділікті ынталандыру және ел өміріне ықпал ететін шешімдерді қабылдауға халықты тарту мәселелері бекітілген, – деп қосты ол.
Осылайша, Жаңа Конституция құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, азаматтардың жауапкершілігін арттырудың және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтудың іргетасына айналып отыр. Әрбір азамат оның қағидаттарының қоғамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына және мемлекет пен азаматтардың нақты іс-әрекеттерінен көрініс табуына үлес қосуы тиіс.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков нақты шешімдер қабылдау үдерісіне ҮЕҰ қатысуын кеңейтудің маңызын атап өтті:
– Алматы – күрделі әрі көпқабатты қала. Әр ауданның өз ерекшелігі, өз мәселесі бар. Сондықтан тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін ҮЕҰ мен сарапшылардың рөлін күшейту біз үшін өте маңызды, – деді ол.
Басым бағыттардың қатарында рәсімдердің ашықтығын арттыру, өзара іс-қимылды цифрландыру, сондай-ақ әлеуметтік жобалауға және тиімділікті бағалауға қатысты ҮЕҰ-ға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері аталды.
Алматы мәслихатының депутаты Алтынай Көбеева азаматтық сектордың сапалық тұрғыдан күшеюіне назар аударды:
– Азаматтық сектор – тек әлеуметтік жобаларды орындаушылар ғана емес, сонымен қатар идея ұсынатын және кәсіби сараптама қалыптастыратын орта, – деді ол.
«Almaty Azamattyq Alliance» ЗТБ төрағасы Нұржан Жақыпов бастамаларды іс жүзінде жүзеге асырудың маңызын атап өтті:
– Азаматтық сектор жұмысының негізі – халықпен тұрақты байланыс арқылы қалыптасатын сенім, – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша ҮЕҰ-ның қоғамдық тыңдаулар мен әлеуметтік жобаларға қатысуын күшейту, сондай-ақ Жаңа Конституция мен мемлекеттік идеологиялық бастамалар бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту жоспарланып отыр.
Кездесу соңында отырыс барысында айтылған негізгі бастамалар мен ұсыныстарды жинақтап, алдағы жұмыстың нақты бағыттары мен оларды іске асыру тетіктерін айқындау маңызды екені атап өтілді.