Мемлекеттік қызметші – халыққа қызмет ететін және мемлекет мүддесін қорғайтын тұлға. Сондықтан оның кәсіби біліктілігімен қатар, жоғары адамгершілік қасиеттері мен әдеп нормаларын сақтауы ерекше маңызды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қабылданған.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік және қызметтен тыс уақытта ұстануға тиіс мінез-құлық қағидаларын белгілейді. Кодекстің негізгі қағидаттары – адалдық, әділдік, заңдылықты сақтау, азаматтарға құрметпен қарау, бейтараптық, ашықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл.
Мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқымен мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және қоғамның сенімін нығайтуға міндетті.
Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметшінің заңмен белгіленген міндеттерінің бірі. Ол қызметтік өкілеттіктерін жеке басының мүддесіне пайдаланбауы, әріптестерімен және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасауы, мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс.
Әдеп талаптарын бұзған мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бұзушылықтың сипатына қарай оған ескерту жасау, сөгіс, қатаң сөгіс, атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру немесе мемлекеттік қызметтен босату сияқты тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, егер әдеп бұзушылығы сыбайлас жемқорлық немесе заң бұзушылық белгілерімен байланысты болса, онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те туындауы мүмкін.
Қорытындылай келе, Әдеп кодексін сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби әрі адамгершілік міндеті. Әдеп нормаларын мүлтіксіз орындау мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады.
Алматы бөлімшелік көліктегі
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бөлім басшысы Джубанышева К.С.