Адвокаттарға қызмет ақысын бюджеттен төлейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2025 жылы тегін құқықтық көмекті 17 748 азамат алып, биылғы тоғыз айда олардың саны 12 мыңнан асты. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар тұрғындардың қандай мәселелер бойынша жиі жүгінетінін, кеңесті қайдан алуға болатынын және қандай жағдайда адвокаттың қызметін мемлекет төлеп беретінін толығырақ айтып берді.
Адвокаттарға қызмет ақысын бюджеттен төлейді. Бұл тұрғындарға – алимент, ажырасу, мұрагерлік, заңсыз жұмыстан шығару немесе үйдегі жанжал сияқты мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Құқықтық түсіндіру жұмысы мен заң қызметін көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Бақтымбетованың айтуынша, қазір құқықтық сауаттылықты арттыруға көп көңіл бөлінген. Әр адам өз құқығын ғана емес, міндетін де білуі керек.
Кеңес алу үшін жазбаша түрде e-Otinish жүйесін немесе «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасын пайдалануыңызға болады.
«Азаматтар күнделікті бізге e-Otinish жүйесі арқылы жазбаша түрде де, мобильді қосымша арқылы онлайн режимде ауызша да жүгінеді. «Е-заң көмегі» жүйесі де бар. Ол арқылы кез келген азамат мобильді қосымшаны пайдаланып, өзін мазалаған мәселенің шешімін сұрап, бірден жауап алады. Яғни бұл сұрақ аталған жүйе арқылы адвокатқа да түседі. Адвокаттар осы өтінішті қабылдап, азаматқа жауап береді», – дейді Айгүл Бақтымбетова.
Қаланың сегіз ауданында орналасқан 16 заң консультациясы жеке кездесуді қалайтындарға көмек қолын созады. Онда адвокаттар белгіленген кесте бойынша күн сайын кезекшілік етеді.
Тұрғындар көбіне отбасылық мәселелер, некені бұзу, мұрагерлік пен мүлікке қатысты дау бойынша кеңес сұрап жүгінеді екен. Еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты шағым жағы сиреген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғасына қатысты мәселелер де жиі көтеріледі.
Қалалық адвокаттар алқасы президиумы төрағасының орынбасары Гүлнар Байгазинаның айтуынша, білікті заң көмегін адвокаттар ғана емес, нотариустар, жеке сот орындаушысы мен заң консультанттары да көрсетеді.
Қазіргі таңда Алматыда бұл жүйеге 303 адвокат қатысып жатыр. Гүлнар Байгазина әзірше сегіз ауданға осы жеткілікті болып отырғанын айтты.
Адвокаттар қылмыстық іс бойынша, уәкілетті орган қорғаушыны тағайындаған жағдайда, сондай-ақ өтініш берушінің мұндай көмек алуға құқығы болған кезде азаматтық істерге қатысады.
Тегін кеңес алу мен іске қатысу үшін адвокат тағайындау – екі түрлі рәсім.
Қорғаушыны немесе өкілді тағайындау үшін соттың не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның тиісті қаулысы қажет.
«Өйткені адамдар заң кеңесіне келіп, өз құқығын дәлелдеуге тырысады: «Біздің құқығымыз бар, сіздер бізге адвокат тағайындауға міндеттісіздер», – дейді. Мен мұны жоққа шығармаймын, біз міндеттіміз. Бірақ бір шарт бар: тиісті уәкілетті орган қаулы шығаруы керек. Ол сот немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган болуы мүмкін», – дейді Гүлнар Байгазина.
Құқықтық түсіндірмені әділет органдарынан, басқа да мемлекеттік органдардан, соның ішінде eGov.kz арқылы алуға болады. Әр заң консультациясында мемлекет төлейтін заң көмегін алуға құқығы бар азаматтардың санаты көрсетілген тізім бар.
Спикер кешенді әлеуметтік білікті заң көмегіне де жеке тоқталды. Оның аясында адвокат немесе кеңесші өз еркімен азаматқа алғашқы кеңестен бастап, мәселені шешуге дейін құқықтық сүйемелдеу көрсете алады.
Мұндай көмекті талап етуге болмайды, өйткені ол маманның ерікті шешімі.
«Бұл ерікті көмек. Адвокат іске қатысу мен заң көмегін көрсету туралы келісім жасайды. Осы жағдайда ол көмекті ерікті түрде, ақысыз көрсетеді. Мемлекет кепілдік берген барлық білікті заң көмегін адвокаттар мемлекетпен, атап айтқанда Алматы қаласының Әділет департаментімен жасалған шарт негізінде көрсетеді», – деп толықтырды Гүлнар Байгазина.
Тағы бір маңызды кепілдік – адвокаттық құпия. Азаматтың заң көмегіне жүгінгені туралы ақпарат ешкімге жария етілмеуі тиіс. Бұл ақпаратты адвокатқа жүгінген адамның өз қалауы бойынша ғана жариялауға болады.