Алматыда Қазақстан Республикасының Спорт күніне арналған спорт фестивалі өтіп жатыр.
Орталық стадионда Спорт күніне арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Фестивальге қатысқан Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков жиналған халықты спорт мерекесімен құттықтады.
- Алматы әкімінің ыстық ықыласын жеткізе отырып, сіздерді спорт күнімен құттықтаймын. Бұл - денсаулық, шыдамдылық және сергектіктің мерекесі. Халық даналығында “тәні саудың - жаны сау” деп бекер айтылмаған. Спортпен шұғылдану адамның тәнін ғана емес, рухын да шынықтырады. Ерік-жігер, табандылық сынды қасиеттерді қалыптастырады. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз бәсеке қабілетті, дені сау ұрпақ өсіру үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Бұл орайда еліміздің ірі спорт орталығына айналған Алматы қаласының мүмкіншілігі мол, - деді Азамат Қалдыбеков.
Фестивальдің бас сахнасында ведомстволық марапаттармен және Алматы әкімінің Алғыс хатымен елімізде спорттың дамуына үлес қосқан жаттықтырушылар, спорт мектептері мен ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ спортшылар марапатталды.
Ал стадион айналасы әртүрлі спорт түрлерінің аймақтарына бөлінді. Онда жас спортшылар бақ сынады.
Атап айтқанда: жеңіл атлетика бойынша балалар қашықтыққа жүгірсе, экстремалды атлетикадан кедергілер арқылы жүгіріп жарысты. Одан бөлек ашық аспан астында жайылған боз кілемде палуандар қазақ күресі, сондай-ақ грек-рим мен еркін күрестен өзара күштіні анықтады. Сонымен қатар бір аймақта ниет білдірген адамдар шахмат пен тоғызқұмалақ ойнап жатса, стадионның келесі бөлігінде командалық жарыстар: баскетбол 3х3, фиджитал футболдан турнир ұйымдастырылды. Каратэ мен таэквондодан өткен жалынды жекпе-жектер де жиналған жұртшылықтың назарына ілікті. Үлкен теннис аймағындағы тартысты ойындар да көпшілікке ұнағаны сөзсіз.
Қаланың қақ ортасындағы спорт фестиваліне 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин де қатысты. Ол мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулып, бұқаралық спортты дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
- Спорт күні - бұл атаулы даталардың бірі. Орталық стадион айналасында осындай спорт алаңдарының жасалғаны өте жақсы болды. Мұнда тұрғындар балаларын ертіп келіп, кішкентай бүлдіршіндер өзіне ұнайтын сайысқа қатысуда. Сол арқылы балаларымыздың спортқа деген қызығушылығы мен махаббаты оянады. Болашақта олар белгілі бір спорт түрімен кәсіби түрде айналысып, елімізге талай жүлделерді әкелуі мүмкін, - деді ол.
Сонымен қатар Рио Олимпиадасының чемпионы өзінің кәсіби спортқа қалай келгенін есіне алды.
- Бала кезімде мен жүзіп үйрену үшін спортпен айналыса бастадым. Сөйтіп жүріп кәсіби түрде қалай айналысып кеткенімді байқамай қалдым. Ал қазір спорт өмірімнің ажырамас бөлігі. Менің айтарым - спорт кәсіп емес, ол адамның өмір салты. Мен қазір кәсіби атлет болмасам да, спорт менің және отбасымның өмірінің әрдайым маңызды орын алады, - деді Дмитрий Баландин.
Айта кетейік, фестиваль аймағына кіру барлық қала тұрғындары мен қала қонақтары үшін ашық әрі тегін.