Шағын өнеркәсіптік парктер Алматының өнеркәсіптік саясатында маңызды орын алып, шағын және орта өндірістік бизнесті қолдайтын тиімді тетікке айналды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Дәл осы формат қазір кәсіпкерлерге жаңа өндірісті жылдам іске қосып, шығынды азайтып, отандық өндірісті дамытуға жол ашып беріп отыр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубай осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, кәдімгі өндірістік нысан салумен салыстырғанда, шағын өнеркәсіптік парк кәсіпкерлерге дайын ғимарат пен инженерлік инфрақұрылым ұсынады. Мұндай тәсіл жобаларды іске асыратын уақытты едәуір қысқартып, кәсіпкерге өнім өндіріп, замандық технологияларды енгізіп, өткізу нарығын кеңейтуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
«Шағын өнеркәсіптік парктер шағын және орта өндірістік бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасайтын өнеркәсіптік экожүйені қалыптастырады», — деп толықтырды сөзін индустриялық аймақтың директоры Ерлан Жайлаубай.
Алматыда жалпы ауданы шамамен 95 мың шаршы метрді құрайтын 23 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді. Олардың аумағында әртүрлі саланы қамтитын 101 шағын және орта кәсіпорын қызмет атқарып жатыр.
Қалада құны 46,9 млрд теңге болатын 67 шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асып жатыр. Жиынтық аумағы 388,2 мың шаршы метрді құрайтын бұларды іске асырғанда 6 564 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Жаңа алаңның көбі индустриялық аймақтың аумағында орналасқан. Мұнда 63 жоба іске асып жатыр, оларға жалпы 68 гектарға жуық жер бөлінген.
Бұл жобаларға жалпы шамамен 46 млрд теңге инвестиция салынады. Болашақ өндірістік ғимараттардың ауданы 373 мың шаршы метрден асса, құрылатын жұмыс орнының саны да 6 мыңнан асып жығылады.
Ерлан Жайлаубайдың айтуынша, кәсіпкерлердің шағын өнеркәсіптік парктерді таңдауы бұл форматтың өндірісті дамытудағы сұранысын дәлелдейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай алаңдар замандық өнеркәсіптік инфрақұрылымның маңызды элементіне айналып барады. Олар өндіріс ашуға кететін қаржылық кедергіні азайтады, шағын және орта бизнестің дамуын жеделдетеді, инновацияларды енгізіп, жаңа өндірістік тізбекті қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, шағын өнеркәсіптік парктердің дамуы қала экономикасына мультипликативті әсер береді: жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері артады, өндірістік кооперация дамиып, отандық өнім үлесі өседі.
Осылайша, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен қатар шағын өнеркәсіптік парктер де Алматының өнеркәсіптік әлеуетінің негізгі өсу нүктесінің біріне айналып, кәсіпкерлікті дамытуға және қала экономикасын нығайтуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.