Достық үйінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының міндеттері және оларды іске асыру жолдары» тақырыбында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтті,-деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Іс-шараға Алматы аудандары әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқармалардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы өкілдігінің мүшелері мен республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Арман Қырықбаев өз сөзінде қалалық Ассамблеяның елді саяси жаңғыртудағы, жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Алматы – тарихы мен мәдениеті мол көпұлтты қала. Мұнда әртүрлі этностар мен ұлттардың көптеген өкілдері тұрады. Бүгінгі шара қалалық Ассамблея жұмысын жетілдіру барысында өте тиімді серпіліс беретініне сенімдімін. Ассамблея атқаратын жұмыстың арқауы – стратегиялық құжаттарды жұртшылық арасында түсіндіру, олардың іске асыруға қоғамды жұмылдыру, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Ассамблея рухани құндылықтарды ілгерілету бойынша жалпыұлттық маңызы бар жобаларды іске асырады, волонтерлік және қайырымдылық іс-шараларды белсенді қолдайды, медиация институтының дамуына үлес қосады, жастармен тығыз жұмыс жүргізеді.
Арман Қырықбаев ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы профилактиканың маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік желілердегі жұмысқа баса назар аударуды, кең аудиториямен жұмыс істеуді ілгерілетуді, мемлекеттік ұлттық саясаттың басымдықтары мен Ассамблея құндылықтарын дәйекті түрде қорғауды ұсынды. Сондай-ақ, ол Мәжіліс депутаттарымен өзара іс-қимыл және Алматы мәслихаты жанынан осындай топ құру мәселесін қозғады.
Қала әкімінің орынбасары Білім және жастар саясаты басқармаларына Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарын білім беру мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
«Жастар Ассамблеясы өздерінің іс-шаралары мен бірлестік қатарына көбірек тарту мақсатында жастар қозғалыстарының көшбасшыларымен және жастармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Білім беру, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік және т.б. мәселелері бойынша іс-шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік желілерде халық бірлігін нығайту бойынша түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілу керек. Мұның бәрі жас ұрпақтың экономикалық, инновациялық, шығармашылық белсенділігін іске асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті А.Қырықбаев.
Отырыс барысында қалалық Ассамблея төрағасының орынбасары, Алматыдағы «Қазақстан Орыс мәдени орталығының» төрағасы Всеволод Лукашев сөз сөйледі. Алматы ҚХА Ақсақалдар кеңесі жұмысы туралы оның төрағасы Ахметжан Шардинов айтып берді. ҚХА-ның жастар саясатына Алматы қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің кураторы, ұйғыр жастар одағының төрағасы Рустам Қайыраев егжей-тегжейлі тоқталды. Ал ҚХА мүшесі, «Сөйле» қазақ тілі клубының оқытушысы Алина Кан Ассамблея жұмысы төңірегінде және қазақ тілін қарапайым әрі қызықты жолмен қалай үйренуге болатыны туралы баяндады.
Кездесу барысында қатысушылар болашаққа арналған міндеттерді айқындап, Ассамблеяның XXXII сессиясында берілген тапсырмаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмыстың одан әрі бағыттарын талқылады.