Алматыда көктемгі әскерге шақыру басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында алғашқы жас сарбаздар салтанатты түрде әскерге аттанды. Рәсім Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қалалық жинақтау пунктінде өтті.
Алғашқы легпен 40-тан астам алматылық жас Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімдеріне жіберілді. Шараға әскери органдар өкілдері, ардагерлер, ата-аналар және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері қатысты.
Департамент бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Нұржан Естаевтың айтуынша, шақырылушылар толық тексеруден өткен.
– Жастар медициналық тексеруден, психологиялық іріктеуден өтті. Әскери қызметке дайындық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Біз олардың өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімдіміз, – деді ол.
Оның сөзінше, сарбаздардың барлығы әскерге өз еркімен аттанып отыр.
Іс-шара барысында ата-аналардың балаларына деген ақ тілегі ерекше әсер қалдырды. Солардың бірі – тоғыз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Айжан Чанашова Кербұлаққызы.
– Ұлымның ел алдындағы борышын абыроймен атқаратынына сенемін. Ол бұл шешімді саналы түрде қабылдады, – деді ол.
Жас сарбаздардың өзі де әскерді үлкен жауапкершілік деп бағалайды. 18 жастағы Исламбек Хамитов бұл қадамды азаматтық парызым деп есептейді.
– Әскерге өз еркіммен бардым. Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті, – деді ол.
Айта кетейік, биыл көктемде Алматыдан шамамен 2000 азамат әскерге шақырылады. Олар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және басқа да құрылымдарда қызмет етеді.