9 мамыр күні мерекелік іс-шаралар күні бойы аудандық әкімдіктердің алаңдарында, саябақтарда, тіпті, тұрғын үй аулаларында өтеді.
Алматыда мерекеге орай 40-тан астам түрлі іс-шаралар өтеді. Жеңіс күнінің 77 жылдығын мерекелеуге шаһарда дайындық жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, биыл Алматыда Жеңіс күні мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Оның үстіне, соңғы екі жыл ішінде кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған жоқ. Соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің бәріне жергілікті билік, сондай-ақ ардагерлер тарапынан барынша көңіл бөлінеді.
Ахан Бижанов Алматының ардагерлік қозғалысы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде көп әрі маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті. Сондықтан да, Жеңіс күніне орайластырылған іс-шаралардың барлығы отансүйгіштікті тәрбиелеуге және аға ұрпақты құрметтеуге бағытталады.
Ардагерлерге көңіл бөліп, құрмет көрсету 9 мамырға дейін басталып кетті. Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен және мәслихаттың қолдауымен соғыс ардагерлеріне миллион теңгеден біржолғы жәрдемақы төленуде. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге теңестірілген жеңілдіктерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
«Қазірдің өзінде қалада мерекелік атмосфера сезіледі, соғыс қаһармандарының портреттері бейнеленген 40 билборд орнатылды, қаланың барлық БАҚ тақталарында және метро станцияларында 9 мамыр тақырыбына арналған бейнероликтер жарияланды. 20 мың дана «Жеңіс лентасы» дайындалып, қала тұрғындарына таратылатын болады», - деді ардагерлер қозғалысының төрағасы.
Ленталарды сауда және ойын-сауық орталықтарынан, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына, Орталық мәдениет және демалыс саябағына барған кезде алуға болады.
Айта кету керек, мерекелік безендіруден бөлек, аудан әкімдіктері ардагерлер мен барша жергілікті тұрғындарға мерекелік концерттер береді.
Негізгі бағдарлама 9 мамыр күні сағат 9.30-да басталады. Биылғы жылы «Батырларға тағзым» акциясы ұйымдастырылып, оның аясында қала тұрғындары Горкий атындағы ОМжДС-нан Гоголь көшесінің бойындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына дейін барып, соғыста қаза тапқан батырларды еске алып, гүл шоқтарын қояды.
Гүл шоқтарын қойғаннан кейін қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Шара барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де мерекелік дастархан ұйымдастырылады.
Мереке өтетін жерде әскери шатырлар мен палаткалар орналастырылып, заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ қойылады.
Сондай-ақ Ахан Бижанов биылғы жылы қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттары ардагерлерді аралап, әрқайсысымен жеке кездесулер өткізетінін айтты.
Мерекелік шаралар күні бойы аудан әкімдіктері жанындағы алаңдар мен саябақтарда, тіпті тұрғын үйлердің аулаларында да өтеді.