Бүгін Орталық музейде өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы, шығармашылық бағыт-бағдары бар қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жазушының жұмысы - аса ардақты да, өте жауапты жұмыс. Ол - адам жанының мүсіншісі. Өйткені өмір тәжірибесі аз оқырман жас «осындай болсам» деп аңсап, арман еткен асыл мұратын көбінесе жазушының жан сырын құйып тебірене жазған туындысынан табады.
Артына мол мұра қалдырған қаламгер 1948 жылдың 31 қаңтарында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.
Баққожа Мұқай мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің жазушы болатынын білген. Алғашқы туындыларын 17-18 жасында жариялаған ол жазушы көп білуі тиіс деген ұстаныммен көп оқып, көп ізденеді. Алматыда оқып жүрген кезде Баққожа Мұқайдың алғашқы новелласы - «Жаңбыр жауып тұр» «Лениншіл жас» басылымында жарық көріп көптің ықыласына бөленген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдәп, 1965 жылы Райымбек аудандық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Хантәңірі») газетінде еңбек жолын бастаған. Әр жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында, 1990-1995 жж. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында бас редактор, басқарма басшысы қызметтерін атқарады.
Табиғатынан айрықша шығармашылық қуат пен таным иесі өз талантын бабында ұстап, үнемі тәрбиелеп үздік туындылар ұсынған. Айталық, «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», т.б шығармалар мен бірнеше драмалық туындылар және «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» романдары соның жемісі. 2000 жылы «Өмірзая» романы үшін жазушыға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Жиын барысында алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы келгенін айтып, құттықтауын жеткізді. «Көрнекті жазушы, драматург, белгілі публицист, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқай саналы ғұмырын ұлт руханиятын байытуға арнаған және ел тарихын көркем сөзбен кестелеген қарымды қаламгер. Жазушылық, прозалық және драмалық туындылары - әдебиетіміздің алтына қорына қосылған қазына. Ол Алматы облысында «Қазақ қоғамын» құрып, ана тіліміздің мәртебесін арттыруға зор үлес қосты», - делінген Қазақстан Президентінің арнайы құттықтау хатында.
Кештің құрметті қонақтары – Баққожа Мұқайдың інісі Ақылжан Сейдінұлы, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Оразалин, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Елубай тұшымды ойлары, жақсы естеліктерімен бөлісті.
Кездесу кешіне арнайы музыкалық бағдарламамен келген Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк коледжінің студенттері көпшілікті өз өнерлерімен тәнті етті.
Шара соңында қонақтар Баққожа Мұқайға арналған көрмемен танысты. Мұнда жазушының әр жылдардағы шығармалары, көзі тірісінде жарыққа шыққан бес томдық шығармалар жинағы, құжаттары мен суреттері, жеке заттары қойылды. Оның ішінде жазушының көзілдірігі, белбеуі, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті сыйлаған естелік сағаты, «Parker» қаламы, фотоаппараты, телефоны және өзге де жазушының тұтынған заттары. Драматург жазушы Б.Мұқайдың Қазақстанда және шет елдердегі театрларда қойылған драмалық шығармалары көрмеде афишалық тумбада көрсетілді. Атап айтқанда, Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекттік жастар мен балалар театрында қойылған «Өмірзая» трагедиясы, Махамбет атындағы Атырау облысаралық қазақ драма театрында сахналанған «Күнде мейрам, күнде той» спектаклі, Өзбек академиялық театрындағы «Хаетдан туйган түн» драмасы және тағы басқалары.