Алматыда жасанды интеллект негізіндегі бейнемониторинг және аналитикалық жүйелер қарқынды дамып келеді. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дюсюков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Алматыда 45 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Келесі жылы олардың саны 70 мыңға дейін артады. Бұл қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті бақылау тиімділігін едәуір жақсартады», – деді спикер.
Қалалық бейнемониторинг жүйесі адамдар көп шоғырланған орындарды анықтап қана қоймай, анытқалған адамдардың мінез-құлқын талдайды, сондай-ақ төбелестер мен күдікті заттарды тіркейді, қоғамдық орындарда қаруды танып, қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды, өрттер мен түтінденуді анықтау мүмкіндіктеріне ие.
«Келесі жылы біз жаңа функцияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде: заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, қоғамдық көліктерді бақылау және қаңғыбас жануарларды анықтау жүйелері бар», – деп атап өтті Дюсюков.
Тағы бір маңызды жаңашылдық – Cell Broadcast технологиясын қолдану арқылы жедел ескерту жүйесінің енгізілуі.
Бұл технология мобильді желілерге шамадан тыс жүктеме түсірмей, азаматтарға шұғыл хабарламаларды жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
«Сынақ барысында жүйе ұялы операторлардың 47 мың базалық станция секторларын өңдеп, 99,6% сәтті хабар тарату көрсеткішіне қол жеткізді», – деді Дюсюков.