2026 жылдың алғашқы он айында орталықта салмағы 1 500 грамнан төмен 75 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықта Дүниежүзілік шала туған балалар күніне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараға кезінде осы орталықта мерзімінен бұрын дүниеге келіп, дәрігерлердің арнайы күтімінде болған балалар мен олардың аналары қатысты. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты.
Кездесуді орталық директоры Светлана Рахимова ашып, аналар мен балаларды мерекемен құттықтады. Сәбилерге зор денсаулық тілеп, медицина қызметкерлеріне кәсібилігі мен адалдығы, күнделікті атқарып жүрген жауапты еңбегі үшін алғыс білдірді.
Бұл жүздесу аналар үшін ерекше толқынысқа толы болды. Олар бір кездері өміріндегі ең қымбат жандарын – сәбилерін аман алып қалу үшін күрескен дәрігерлер мен мейіргерлермен қайта қауышты. Аналар медицина мамандарына көрсеткен қамқорлығы мен сәбилерінің өмірін сақтап қалғаны үшін ризашылығын жеткізді.

Кездесу барысында ата-аналарға вакцинация және бронх-өкпе дисплазиясы (БӨД) туралы дәріс оқылды. Сонымен қатар балалар медициналық тексеруден өтті. Қонақтарға арнап викториналар өткізіліп, жүлделер ойнатылды. Орталық әкімшілігі он анаға арнайы сыйлық табыстады. Кездесу жылы лебіздер мен шынайы эмоцияға толы болды.
2026 жылдың алғашқы он айында орталықта салмағы 1 500 грамнан төмен 75 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген. Олардың 24-інің туған кездегі салмағы 1 000 грамға да жетпеген.
Кездесуде таныстырылған сәбилердің ең кішкентайы жүктіліктің 26-аптасында 679 грамм салмақпен туған. Ол орталықта 87 күн бойы күтімде болған. Ал салмағы 700 грамм болып дүниеге келген тағы бір сәби мамандардың бақылауында 88 күн жатқан.
Әрбір осындай оқиғаның артында неонатологтер, реаниматологтер, мейіргерлер мен орталықтың бүкіл ұжымының орасан зор еңбегі тұр. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері атап өткендей, мамандардың білімі, кәсібилігі мен қамқорлығы өмірге тым ерте келген сәбилердің алғашқы қиындықтарды еңсеріп, өмірге бейімделуіне көмектеседі.