Жамбыл облысында бір үйір жылқыны қолды қылған күдікті ұсталды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
44 жастағы азамат жайылымнан 16 бас жылқыны айдап әкетіп, оның жетеуін сойып, сатып жіберген. Жәбірленушіге 24 миллион теңге шығын келтірілген.
Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы құмды алқапта болған. Полиция мәліметінше, күдікті жайылымда жүрген жылқыларды ұрлап, кейін олардың бір бөлігін сойып, сатып жіберген.
«Аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған дерек бойынша 44 жастағы азамат ұсталды. Жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллион теңге шығын келтірілген», – деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.
Қазір күдікті қамауға алынған. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы бабымен тергеу басталды.
Полицияның мәліметінше, биыл өңірде тіркелген мал ұрлығы деректерінің 80 пайызы ашылған. Ал соңғы төрт жылда мұндай қылмыстардың саны 10,5 пайызға азайған.