Алматыда елдегі ең үлкен өнеркәсіптік кластерді дамыту жұмысы қарқын алды. Индустриялық аймақ мемлекет саясатын іске асыратын басты алаңның біріне айналып, өңдеу өнеркәсібін дамытып, инвестиция тартып, жоғары технологиялы өндіріс құруға жол ашып беріп отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алаңның қызметі мен даму жоспары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Индустриялық аймақ директоры Ерлан Жайлаубай баяндап берді.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту Қазақстанның экономикалық саясатындағы стратегиялық басымдықтың бірі болып қала бермек. Бұл сектор экономиканың тұрақты өсуіне сеп болып, шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, жоғары қосылған құны бар өнімнің үлесін арттырады.
Алматы индустриялық аймағы қазір өндірістік кәсіпорынды, логистикалық кешенді, инновациялық өндірісті, шағын өнеркәсіптік парк пен дамыған инженерлік инфрақұрылымды біріктірген осы заманғы өнеркәсіптік экожүйе.
Индустриялық аймақтың жалпы аумағы 695 гектар болады, оның 482 гектары инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған. Аумағы қажетті инженерлік желімен, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген, бұл оны инвесторлар үшін елдегі ең тартымды алаңның біріне айналдырады.
Индустриялық аймақта қазір 151 компания бар, жалпы жарияланған инвестиция көлемі 914,2 млрд теңгені құрайды. Жобалар толық іске асқанда 21,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
2016–2025 жыл аралығында индустриялық аймақ аумағында жалпы құны 357 млрд теңге болатын 57 инвестициялық жоба іске асты. Осы кезеңде 9 674 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Директор кәсіпорындардың экономикалық нәтижесіне де ерекше тоқталды.
Осы уақыт ішінде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,65 трлн теңгеден асып, бюджетке түскен салық түсімі 115,8 млрд теңгеге жетіпті.
«Әр жаңа өнеркәсіптік жоба қала экономикасына мультипликативті әсер береді. Бұл өз кезегінде құрылыс саласының, логистиканың, энергетиканың, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ отандық өнімдерге сұраныстың артуына ықпал етеді», — дейді Ерлан Жайлаубай.
Өткен жылы да айтарлықтай нәтижеге қол жетті.
Былтыр индустриялық аймақта жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 14 жаңа жоба іске қосылып, 4 922 жұмыс орны құрылды. Олардың алтауы ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның санатына жатады.
Ең маңызды жобаның бірі – қытайлық брендтердің жеңіл автокөліктерін шығаратын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының іске қосылуы болды. Автомобиль жасау саласының дамуы өндірісті локализациялауды арттыруға, құрамдас бөлшек өндіретіндердің кооперациясын дамытуға, жоғары білікті жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, Kapital Construction компаниясының арматуралық тор мен профильді құбырлар шығаратын зауыты, биологиялық жем қоспалары мен тыңайтқыштар өндіретін BLACK BIOTECHNOLOGY зауыты, сондай-ақ автокөлік шинасын қайта өңдеп, резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын ALTRA TYRES кәсіпорны да іске қосылды.
Әр жаңа жоба өнеркәсіптік дамудың жеке бағытын қамтиды.
Құрылыс материалын өндіру ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, импортты алмастырады. Шыны өнеркәсібінің дамуы тамақ, фармацевтика мен химия саласының мүмкіндігін кеңейтіп, биотехнологиялық өндіріс агроөнеркәсіп кешенін алға сүйрейтін болады.
Көлік шинасын қайта өңдейтін зауыттың іске қосылуы бірден экологиялық мәселелерді шешуге, өндірістік қалдықты азайтып, құрылыс, жол саласы мен өнеркәсіпке қажетті өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Индустриялық аймақ директорының айтуынша, өнеркәсіптік алаңды одан әрі дамыту қала экономикасын нығайтудың негізгі факторларының бірі болып қала береді. Жаңа өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу және инвестиция тарту бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттырып, экспорт мүмкіндіктерін кеңейтіп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады. Алматы индустриялық аймағы бүгіннің өзінде елдегі өнеркәсіптік өсудің ірі орталықтарының бірі ретінде мемлекет индустрияландыру саясатының нақты нәтижесін көрсетіп отыр.