5 наурыз Алматыда Еріктілер жылы – 2026 салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға шамамен 450 адам қатысты. Олардың қатарында еріктілік ұйым өкілдері, еріктілер қозғалысының үйлестірушілері, белсенді және «күміс» еріктілер, серіктестер мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Іс-шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Алматы қаласы Еріктілер фронт-кеңсесі ұйымдастырды.
Салтанатты рәсім еріктілер қозғалысын дамытудың жаңа кезеңіне ресми бастап, азаматтық қоғам өкілдерін 2026 жылы еріктілік қызметті дамытудың бірыңғай бағытын қалыптастыру үшін біріктірді.
Ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысып, қоғамның дамуына еріктілер қозғалысының қосып отырған үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде еріктілік қозғалыс азаматтық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды институтына айналып келеді.
«Алматыда еріктілер қозғалысы жыл сайын нығайып, мыңдаған жанашыр тұрғынды біріктіріп отыр. Еріктілер әлеуметтік, экологиялық және қалалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуда. Әкімдік тарапынан еріктілік ұйымдарды жүйелі қолдау және еріктілер инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады», — деді Абзал Нүкенов.
Іс-шара аясында қаланың әлеуметтік дамуындағы еріктілердің рөліне арналған форумдық бөлім өтті. Бұл алаң еріктілік ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар және серіктестер арасындағы ашық диалогқа мүмкіндік беріп, 2026 жылға арналған еріктілік қозғалысты дамытудың негізгі міндеттері мен басым бағыттарын айқындауға арналды.
Салтанатты рәсіммен қатар еріктілік ұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда қатысушылар жобасы мен қызмет бағытын таныстырды. Атап айтқанда, әлеуметтік еріктілік, спорттық бастамалар, төтенше жағдайлар мен қауіпсіздік саласындағы жобалар, сондай-ақ жастар мен цифрлық бастамалар ұсынылды.
Рәсімнің басты символдық сәті — Уақыт капсуласы – 2026 салу болды. Капсулаға еріктілік қозғалысты дамытуға арналған стратегиялық мақсаттар мен басымдықтар, сондай-ақ еріктілер ұйымдары жетекшілерінің үндеуі орналастырылды.

Айта кетейік, Еріктілер жылын өткізу бұл мәдениетті одан әрі дамытуға, азаматтардың әлеуметтік бастамаларға қатысу аясын кеңейтуге және қоғамдағы азаматтық белсенділікті нығайтуға бағытталған.