Семинарда Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Дінитану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы - Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы дәріс оқыды.
Семинарға "Бақытты отбасы" орталығының мамандары және аудан аналары қатысты.
Халықтың, оның ішінде көп балалы аналар, аз қамтылған от басы мүшелерімен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан орталық мамандары үшін семинар өте қажет әрі пайдалы болды. Қарлығаш Молдағалиқызы діни экстремизмнің қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін атап өтті.
Сонымен қатар діни экстремизм мен теріс діни ағымдардың ықпалына көбінесе жастар мен жас отбасылар түсуінің себептері мен салдарын атап көрсетті. Профессор Сирия мемлекеті мен басқа да ислам мемлекеттеріне өмірін жақсы жаққа өзгерту үшін, елін, ата-анасын тастап кеткен жас отбасылардың бастан кешкен шынайы жан түршігерлік оқиғаларын мысалға келтіре отырып діни теріс ағымдардың өкінішті жағдайларға алып келетінін және де діни экстремизмнің құран мен исламды бұрмалап адамдардың санасын улайтын тәсілдеріне жеке жеке тоқталды.
"Біздің мемлекетіміз көп ұлтты зайырлы қоғам болғандықтан барлық ұлттар мен ұлыстардың діни ұстанымына құрметпен қарайды. Дейтұрғанмен қоғамымызда орын алып отырған осындай жайсыз жағдайларға қатысты мемлекет тарапынан бірқатар іс-шаралар мен шектеулер қарастырылғаны туралы мәліметтер береді. Сондықтан да діни экстремизм мен терроризмге қарсы қоғам болып күресу керек. Қандай да экстремистік белгілерді байқаған жағдайда тиісті мемлекеттік мекемелерге хабарласу керек. Діни экстремизм мен терроризм тек қана ислам дініне ғана емес барлық дінге қатысты актуалды мәселе", - дей келе спикер теріс ағымдармен күресу барлығымыздың азаматтық борышымыз екенін еске сала кетті.
Семинар соңында қатысушылар да өз пікірлерімен бөлісті. Профессор Қарлығаш Молдағалиқызына орталық мамандары мағыналы әрі пайдалы мағлұмат беріп, дәріс оқығаны үшін шын жүректен алғыс айтты.