ffin.kz

Алматыда әскери тәрбие жұмысын оңтайландыру мәселесі талқыланды

Алматыда әскери тәрбие жұмысын оңтайландыру мәселесі талқыланды aqshamnews.kz

Алматыда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі (топ) бастықтары мен батальон командирлері орынбасарларының және әскери бөлімдердегі әскери қоғамдық ұйымдар төрағаларының үш күндік практикалық дайындығы өтті. 

Алқалы жиынға Ұлттық ұланның Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қызылорда және Тараз қалаларынан келген 50-ге жуық тәрбиешісі мен әскери қоғамдық ұйымдардың төрағалары қатысты.  Жиынға басшылық жасаған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Нязтай Әлкешев әскердегі жеке құрамның тәрбие жұмысын заманауи деңгейге көтеру үшін бірқатар маңызды мәселелерге баса мән беруге шақырды. 

Ауқымды шара барысында өңірлік қолбасшылықтағы заңдылық пен әскери тәртіптің жағдайы, оны нығайтудағы әскери қоғамдық ұйымдардың міндеттері туралы сөз қозғалды. Соның ішінде әйелдер кеңесі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер кеңесі, ардагерлер кеңесі сияқты ұйымдар жұмыстарының маңызы, бөлімнің жалпы хал-ахуалына тигізер әсері мен жеке құрамды тәрбиелеудегі рөлі ерекше аталып өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – әскерлерде тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру, қазіргі талапқа сай оңтайлы мүмкіндіктерін талқылау және тәрбие жұмыстары бойынша жақсы ойлары болса сонымен бөлісіп, бір-бірімізбен пікір алмасу. Сондай-ақ әскери қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын сараптау, – дейді оңтүстік өңірінің бас тәрбиешісі полковник Ниязтай Әлкешев. 

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Арман Сеитов бөлімдер мен бөліністерде берік әскери тәртіпті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті ұстануда, өз қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға әскери қызметшілерді жұмылдырудағы әскери қоғамдық ұйымдардың жұмысын қалай жүзеге асыру керектігін жеткізді. Сонымен қатар әр офицер басшылық құжаттарды қаншалықты меңгергендігі тексеріліп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырды.

Әскер ардагері запастағы полковник Сабыржан Сүлейменов «Әскери бөлімдердің ардагерлер кеңесімен тәлімгерлік жұмысты ұйымдастыру мәселесі» туралы әскери тәрбиешілермен кеңінен талқылап, тұжырымды ойын ортаға салды. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары запастағы подполковник Рафаиль Абдыкеев пен 5571 әскери бөліміндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Берік Алмағамбетов «Әскери қызметшілердің әлеуметтік осал отбасыларымен әскери қоғамдық ұйымдар жұмысының ерекшелігі және отбасылық-тұрмыстық мәселелерді шешу жолдары» тақырыбында сабақ өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Жиынға қатысушы офицерлермен үш күн бойы әдістемелік сабақтар, семинарлар, дәрістер және жауынгерлік қызмет пен оқудың үздіктерін құрметтеу кеші секілді сабақтар өткізілді.  Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында танымдық сабақ та ұйымдастырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55