Әлеуметтік нысандарды ерекше назарда ұстау қажет, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Олжас Бектенов өңір әкімдеріне қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыруды тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында барлық өңірде жылу беру маусымы басталғанын атап өтті. Жаз айларында жабдықтарды, жылу мен электр желілерін жөндеу шаралары қабылданды. Тұтынушыларға жылу кестеге сәйкес берілді.
Бірақ жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсуде. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар.
Премьер-министр жылыту маусымында халықты тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуді тапсырды. Әлеуметтік нысандарды ерекше назарда ұстау қажет.
«Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет. Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын. Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.