Әлемге әйгілі корей актерлерімен бір түсірілім алаңында болып, танымал дорамада бой көрсету кез келген жанға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Ал Прагада білім алып жүрген 19 жастағы алматылық Перизат Төреғали үшін бұл тосын басталған қызық оқиғаға айналды. Ол жуырда көрерменге жол тартқан «Патшайымның екінші некесі» (The Remarried Empress) дорамасының түсіріліміне қатысып, танымал актер Ли Чон Сокпен бір сахнада өнер көрсеткен. Aqshamnews.kz тілшісі бойжеткенмен тілдесіп, оның кино әлеміне қалай тап болғанын, түсірілім алаңындағы қызықтарды және еңбегіне қанша ақы алғанын сұрап білді.
Қарашаның басында жарық көрген «Патшайымның екінші некесі» дорамасы корей сериалдарының жанкүйерлері арасында қызу талқыланып жатыр. Басты рөлдерді Шин Мин А, Ли Чон Сок, Чу Джи Хун және Ли Се Ён сомдаған туынды Disney+ платформасында 3 қарашадан бастап көрсетіле бастады.
Махаббат пен билік үшін күреске құрылған сериалдың бірқатар көрінісі Чехияда түсірілген.
Ал Threads әлеуметтік желісінде осы туындының түсіріліміне қатысқан қазақстандықтардың жазбалары да көзге түсті. Солардың бірі – Алматының тумасы Перизат Төреғали.
Бірнеше сурет жіберіп, үлкен жобадан бір-ақ шықтым
19 жастағы Перизат бүгінде Чехия астанасы Прагада білім алып жүр. Ол өзін жаңа дүниелерге құмар, түрлі салада бағын сынап көруден қорықпайтын адам ретінде сипаттайды.
«Бір орында тоқтап қалмай, жаңа тәжірибе жинауға және мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамын. Әртүрлі нәрсеге қызығамын, өзімді түрлі салада сынап көргенді ұнатамын», – дейді ол.
Бойжеткеннің корей дорамасына түсуіне де осы қызығушылығы себеп болған. Оның айтуынша, Чехияда шетелдік фильмдер мен сериалдар жиі түсіріледі. Сондықтан жергілікті кастинг агенттіктері арқылы киноға түсуге мүмкіндік бар.
Перизат сондай агенттіктердің біріне суреттерін жіберіп, бағын сынап көрмек болған. Көп ұзамай кастингке шақырту алып, іріктеуден сәтті өтеді.
«Чехияда фильмдер, дорамалар және Netflix жобалары түсіріледі. Мұнда кастингпен айналысатын түрлі агенттіктер бар. Солардың біріне өз бағымды сынап көрейін деп фотоларымды жіберген едім. Кейін кастингке шақырылдым. Іріктеуден өткеннен кейін жобаға бекітті», – дейді Перизат.
Кейіпкер Ли Чон Сокпен бір сахнада түскен
Перизат дорамаға көпшілік көрермен қатарында түскен.
Түсірілім төрт күнге созылған. Осы уақыт ішінде бойжеткен корей киносының танымал жұлдыздарының бірі Ли Чон Сокпен бір сахнада болған.

«Ли Чон Сокпен және басқа да актерлермен ортақ сахналарда болдым. Олардың энергиясы мен жұмысқа деген көзқарасы маған ерекше әсер қалдырды. Осындай кәсіби адамдардың ортасында болған кезде өзіңнің де дамып, үлкен дүниелерге ұмтылғың келеді екен», – деп еске алады ол.
Перизат үшін танымал актерлерді жақыннан көруден бөлек, олардың жұмыс барысын бақылау да ерекше әсер қалдырған. Әсіресе түсірілім алаңындағы тәртіп пен әр маманның өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны есінде қалыпты.
Төрт күнде төрт түрлі киім киілген
Көрермен экраннан бірнеше минут қана көретін сахнаның артында қаншама дайындық жататынын Перизат осы түсірілім кезінде түсінген.

Кейіпкердің жеке мұрағатынан, ЖИ арқылы өңделді
Оның айтуынша, көпшілік көрермен ретіндегі адамдардың да сырт келбетіне айрықша көңіл бөлінген. Тіпті әр қатысушының дене өлшемі алынып, киімдері арнайы шақталған.
«Төрт күндік түсірілімде менің төрт түрлі образым болды. Ең қызығы, алдымен әрқайсымыздың дене өлшемдерімізді алып, дайындалған костюмдерді дене бітімімізге сәйкестендіріп арнайы тікті. Киімдер мен образдарға үлкен мән берілгені байқалды», – дейді бойжеткен.
Осылайша, Перизат төрт күн бойы төрт түрлі кейіпке еніп, түсірілім алаңының тыныс-тіршілігіне қаныққан.
Ол осы уақыт ішінде визажистермен, стилистермен және актерлік жолын енді бастаған жастармен де танысқан. Жаңа таныстарымен әлеуметтік желіде байланыс орнатып, олардың қалай білім алып, кино саласына келгенін сұраған.
«Бір-бірімізбен Instagram алмастық. Әңгімелесу барысында олардың актерлік университеттері, білім алуы және кино саласына келу жолдары туралы көп нәрсе білдім. Осылайша, корей халқымен жақынырақ танысып, олардың мәдениеті мен кино индустриясына деген көзқарасын түсінуге мүмкіндік алдым», – дейді ол.
Бір күндік түсірілім үшін 50 мың теңге төленген
Әрине, мұндай ірі жобаға қатысу көп адамға қызық. Бірақ көпшілік көрермен ретінде түскендерге ақы төлене ме?
Перизаттың сөзінше, түсірілімге қатысқан еңбегі ескерусіз қалмаған. Әр жұмыс күні үшін ақы алған.
«Иә, түсірілім ақылы болды. Қателеспесем, бір күнге шамамен 50 мың теңгеге жуық төленді», – дейді ол.
Демек, төрт күндік түсірілім үшін бойжеткен шамамен 200 мың теңге табыс тапқан.
Дегенмен Перизат үшін алған ақшасынан гөрі көрген-білгені әлдеқайда құнды.
«Мен үшін бұл тек жұмыс немесе табыс көзі болған жоқ. Бұл – басқа елдің киноиндустриясымен танысу, жаңа адамдармен араласу, өзге мәдениетті жақынырақ тану және өзімді жаңа ортада сынап көру мүмкіндігі болды. Осындай тәжірибелер адамның дүниетанымын кеңейтеді деп ойлаймын», – дейді алматылық бойжеткен.
Төрт күндік түсірілім Перизатқа экран сыртындағы үлкен еңбекті танытқан. Бір сахнаның өзіне қаншама маман жұмылатынын, киімнен бастап актерлердің қимылына дейін бәрі мұқият ойластырылатынын өз көзімен көрген.
Айта кетейік, «Патшайымның екінші некесі» дорамасы Disney+ және Hulu платформаларында көрсетіліп жатыр. Тұсаукесері 2026 жылғы 3 қарашада өтті.