Алматыда «Алматының жас жазушысы – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгін Алматыда А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Алматының жас жазушысы – 2026» қалалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Байқау көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ «Оқитын ұлт» ұлттық жобасы мен «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыруға және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.
Биыл байқауға 14 пен 17 жас аралығындағы 171 оқушы қатысып, әдебиетке деген көзқарасын, ой тереңдігін және шығармашылық ізденісін көрсетті.
Іс-шара барысында әдебиет және мәдениет саласының көрнекті өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, балалар әдебиетін дамытуға қолдау көрсететін «Өркен» қоғамдық қорының президенті Мәди Нүсіпбаев, ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Игорь Крупко, ақын, жазушы, аудармашы және редактор Фархат Тамендаров және басқа да мәдениет қайраткерлері болды.
Қазақ тіліндегі шығармалар арасында №174 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Қайрат Әбдірахманның жұмысы үздік деп танылды. Орыс тіліндегі номинацияда №95 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Касенова Алинаның жұмысы ең жоғары баға алды.
Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен Олжас Сүлейменовтің поэмалар жинағы табысталды. Сонымен қатар, олар республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Байқауға қатысқан барлық оқушылар мен олардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
Балалар әдебиетін дамытуға қолдау көрсететін «Өркен» қоғамдық қорының президенті және байқауды ұйымдастырушылардың бірі Мәди Нүсіпбаев:
«Бұл байқау жас авторлардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Қатысушылардың әрбір жұмысы – ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Осындай бастамалардың арқасында жаңа буын жас жазушылар қалыптасады деп сенемін», – деді жазушы.
Аталған байқау жас дарындардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың әдебиетке деген қызығушылығын нығайтуға және ұлттық руханиятты дамытуға маңызды алаң болды. Салтанатты рәсім қатысушылардың жетістіктерін атап өтіп қана қоймай, олардың әдебиет әлеміндегі алғашқы сенімді қадамдарын да айқындады.