Мәліметтер 2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жинақталған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының мемлекеттік органдарымен «Әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған есепке алу» мәліметтерінің деректеріне сәйкес «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде жалпы сомасы 42 350 982 351 теңгеге әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданылған 3 083 153 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 32 448 539 724 теңге өндіріліп алынды (76%).
Салынған соманың ең көп пайызы ішкі істер органдарына түседі. Осылайша, ағымдағы жылы 9 ай ішінде полиция органдарымен жалпы сомасы 32 541 985 338 теңге айыппұл түріндегі жазалау шарасымен 3 050 935 әкімшілік материал тіркелген, оның ішінде 26 732 093 158 теңге (82%) өндіріліп алынды.
Мемлекеттік кіріс органдарымен жалпы сомасы 7 675 793 583 теңге айыппұл түріндегі жазалау шарасымен 16 070 әкімшілік материал тіркелген, оның ішінде 3 994 000 079 теңге (52%) өндіріліп алынды.
Төтенше жағдайлар органдарымен жалпы сомасы 73 295 192 теңге айыппұл түріндегі жазалау шарасымен 1 051 әкімшілік материал тіркелген, оның ішінде 52 450 954 теңге (71%) өндіріліп алынды.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен жалпы сомасы 197 853 305 теңге айыппұл түріндегі жазалау шарасымен 610 әкімшілік материал тіркелген, оның ішінде 175 019 465 теңге (88%) өндіріліп алынды.
Әкімшілік құқық бұзушылық үшін салынған айыппұл туралы мәліметтерді қайдан және қалай алуға болады?
Қазақстан Республикасы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық порталында өзіңізге қатысты әкімшілік айыппұлдар туралы ақпаратты ала аласыз және де нақты уақыт тәртібінде оны төлеу мүмкіндігіне ие боласыз.
Салынған айыппұлмен келесі мемлекеттік ресурс арқылы (qamqor.gov.kz. және egov.kz) онлайн режимде танысуға және оларды өтеуге болады.
1) Ол үшін qamqor.gov.kz сілтемесіне кіріп, өзіңіздің жеке немесе заңды тұлға ретінде «Электрондық цифрлық қолтаңба» (ЭЦҚ) арқылы авторизацияланғаннан кейін, «Айыппұлдар туралы біл» бөлімін таңдап, әрі қарай «Өз айыппұлдарың туралы біл» батырмасын басып, керекті «Хаттаманы» жүктеп алуға немесе басып шығаруға мүмкіндігіңіз бар. Қағазға басып шығарылған хаттама ЭЦҚ-мен расталған және ресми құжат болып табылады.
Егер көрсетілген айыппұл төленбеген болса, онда «Төлеу» батырмасын басып, Қазақстан Республикасының «Электрондық үкімет» порталының төлем бөлімшесіне өтіп, көрсетілген айыппұлды төлей аласыз.
2) «Электронды үкімет» порталы арқылы Еgov.kz сілтемесіне кіріп, «Көлік және коммуникациялар» бөліміне өтесіз. «Әкімшілік айыппұлдарды және жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдары іздеу және төлеу» қызметін таңдап, аталған қызмет түріне өту арқылы «Әкімшілік айыппұлдар» функционалын қолданасыз. Егер сіздің атыңызда айыппұл бар болса, оны төлеу мүмкіндіктері туралы қарастырылған ақпарат шығады.
Еgov.kz-тен айыппұлдарды көру үшін, міндетті түрде ЭЦҚ болуы қажет. ЭЦҚ авторизациядан өткізу міндетті түрде талап етіледі. Осылайша, айыппұл туралы ақпаратты біле аласыз.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 811-бабына сәйкес, салынған айыппұлдың мөлшерін 50% жеңілдікпен төлеуге болады, яғни әкімшілік құқық бұзушылықпен танысқан (пошта қызметкерлері табыстаған сәттен бастап немесе СМС байланыс нөміріңізге жолданғаннан кейін) күннен бастап 7 тәулік ішінде төлеу қажет.
Айыппұлды банктер мен онлайн-банкинг ресурстары, терминалдар мен түрлі электронды әмияндар арқылы да төлей аласыз. Ол үшін бюджеттік сыныптама кодын (БСК), салық органының кодын (СОК) және төлем мақсатының кодын (ТМК) дұрыс көрсету қажет.
Айыппұлды төлегеннен кейін, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің орталықтандырылған дерекқорына тікелей түседі.
Егер техникалық ахаулық салдарынан түспей қалған жағдайда, айыппұл салған мемлекеттік органға төлем туралы түбіртектің көшірмесін тапсырып, төлем туралы мәліметті ақпараттық жүйеге енгізуін талап ете аласыз.
Жеке немесе заңды тұлға салынған айыппұлмен келіспеген жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 826-2–бабына сәйкес, айыппұл салған мемлекеттік органға шағым жасауға құқылысыз. Оны qamqor.gov.kz., eotinish.kz, egov.kz, Freedom Bank, Kaspi Bank, Halyk және BCC.kz порталдары арқылы онлайн режимде жолдауға болады.
Сонымен қатар, әкiмшiлiк құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тiркелген кезде, жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн, әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi тартылады.
Алайда, ҚР ӘҚБтК-нің 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер көлiк құралының меншiк иесiнiң (иесiнiң) хабарламасы немесе арызы бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған тұлға анықталса не басқа тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралына ие бола алмай қалса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн ол әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.
Бас прокуратураның
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша
департаментінің бөлім прокуроры
А. Ермекбай