Алматыда туып-өскен, бүгінде Канададағы Торонто университетінде білім алып жүрген Томирис Касимова IELTS халықаралық емтиханынан 9.0 балл жинады. Ол жеті жыл ішінде емтиханды алты рет тапсырған. Алайда бастапқыда ең жоғары нәтижеге жетуді емес, Writing бөлімінен 8.0 балл алуды мақсат еткен. Томирис ағылшын тілін меңгеру жолы, дайындық кезіндегі әдістері және нәтижесін білген сәті туралы айтып берді.
Ағылшын тіліне қызығушылық мультфильмнен басталды
Томирис Касимова Алматы қаласында дүниеге келген. 2020 жылы қыздарға арналған лицейді тәмамдаған. Қазір Канаданың Торонто университетінде білім алып жүр.
Бала кезінде сурет салуға қызығып, сурет пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Кейін жоғары сыныптарда жаратылыстану ғылымдарына ден қойып, биохимик болғысы келген. Алайда мектеп бітірер тұста әлеуметтік ғылымдар бағытын таңдаған.
Оның ағылшын тілімен таныстығы мультфильмдер мен танымдық телебағдарламалардан басталған. Мектепке дейінгі даярлықта да тіл үйренген. Бірақ жасөспірім шағына дейін ағылшынды кәдімгі мектеп пәні ретінде қабылдапты. Кейін америкалық YouTube-блогерлердің видеоларын көріп, тілді өз қызығушылығымен меңгеруге кіріскен.

Алғашында мектепте білім алып, жазғы демалыс кезінде қосымша мұғалімдермен дайындалған. Кейін кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыған. Ал 2022 жылы TILU оқу орталығында білімін жетілдірген.
Дегенмен Томирис тіл меңгеруде ең тиімді әдіс күнделікті ағылшын тіліндегі контентті тұтыну болғанын айтады.
«Ағылшын тілін меңгеруіме ең көп көмектескені — сол тілдегі контентті тұрақты тұтыну және ағылшын тілін күнделікті өмірімнің бір бөлігіне айналдыру. Бұл бұрын үйренген білімімді бекітіп қана қоймай, тілді үнемі тәжірибе жүзінде қолдануыма мүмкіндік берді», – дейді ол.
Алты емтихан және Writing бөліміндегі мақсат
Томирис IELTS емтиханын алғаш рет университетке түсу үшін тапсырған. Ол кезде 7.0 балл жинапты. Бастапқыда емтиханды қайта тапсыру жоспары болмаған. Алайда Торонто университетіне ауысу үшін тағы да IELTS тапсыру қажеттілігі туындаған.
Ал 2025 жылы IELTS-тен сабақ бере бастағанда, өзінің кәсіби деңгейін тексеріп, білімін жетілдіру мақсатында емтиханға қайта кіріскен.
Осылайша, жеті жыл ішінде IELTS емтиханын жалпы алты рет тапсырған. Бірақ ең жоғары балл жинауды бастапқыдан мақсат етпеген.
«9.0 балл алу әуелден жоспарлаған нақты мақсатым емес еді. Негізгі мақсатым — Writing бөлімінен 8.0 балл алу болатын. Дайындық барысында Listening, Reading және Speaking бөлімдеріндегі нәтижелерім де айтарлықтай жақсарды. Нәтижесінде Writing бойынша көздеген баллыма қол жеткізіп қана қоймай, қалған үш бөлімнен де жоғары нәтиже көрсеттім», – дейді Томирис.

Ол дайындық барысында тек тілдік білімін жетілдіріп қана қоймай, емтихан кезінде уақыт пен күш-қуатты дұрыс бөлуді де үйренген.
Мәселен, Reading тапсырмаларын жылдам орындауға, ал Writing бөліміне жеткілікті уақыт пен күш сақтауға ерекше мән берген. Бұған дейінгі қателіктерін саралап, емтихан стратегиясын жетілдіруге тырысқан.
Күн сайынғы 1–2 сағат
IELTS-тен жоғары балл жинау үшін күнделікті тіршіліктен қол үзіп, тәулік бойы дайындалу міндетті емес. Томиристің тәжірибесі осыны көрсетеді.
Ол емтиханға дайындықты жұмысымен қатар алып жүрген. Күндіз жұмыс істеп, оқуға ниетті студенттермен сұхбаттасқан. Ал кешкі уақытын IELTS тапсырмаларына арнаған.
«Мен көбіне алдын ала жоспарланған, белгілі бір тәртіпке негізделген күн режимін ұстануға тырысамын. Сондықтан дайындық барысында да күн тәртібімді түбегейлі өзгертпедім. Тек IELTS-ке дайындалу үшін күн сайын қосымша 1–2 сағат бөліп, Writing тапсырмаларын орындауға және жауаптарымды талдауға көңіл бөлдім», – дейді ол.
Томиристің айтуынша, дайындық кезінде ең маңыздысы — бір күнде барлығын меңгеруге тырысу емес, тұрақтылықты сақтау.
Әрине, кейде дайындықты тоқтатып, уақытын жұмысына немесе басқа жобаларына арнағысы келген кездері де болған. Бірақ алға қойған мақсаты оған бастаған ісін жалғастыруға күш берген.
«IELTS-тен осындай нәтижеге қол жеткізу мен үшін жай ғана жоғары балл алу емес, өзім үшін маңызды бір белесті бағындыру еді», – дейді ол.
Сондықтан кейбір кездесулері мен жұмыс жоспарларын қайта реттеп, емтиханға арнайы уақыт бөлген. Дегенмен қалыптасқан өмір салтынан толық бас тартпаған.
Нәтижені білген сәт
Емтихан күні Томирис өзін артық қобалжытпауға тырысқан. Бұрынғыдай материалдарды соңғы сәтке дейін қайталаудың орнына, сыртқа шығып серуендеп, демалған.
Нәтижесінде халықаралық емтиханның төрт бөлімінен мынадай балл жинаған:
- Listening — 9.0
- Reading — 9.0
- Speaking — 9.0
- Writing — 8.0
Жалпы нәтижесі — 9.0 балл.
Бір қызығы, Томиристі ең қатты қуантқан үш бөлімнен алған 9.0 баллы емес, Writing-тен жинаған 8.0 баллы болыпты. Өйткені дайындық кезінде алдына қойған басты мақсаты осы еді.
Ал нәтижесі белгілі болған сәт әлі есінде.
«Электрондық поштаға хабарлама дәл сағат 18:05-те келді. Алғашында Listening және Reading бөлімдерінен 9.0 алғанымды көрдім. Бірақ төмен қарай жылжытып, қалған нәтижелерімді оқығанда ғана барлығын түсіндім. Көргеніме сене алмай, бірден анама айттым», – деп еске алады ол.
«Ендігі мақсатым — өзгелерге көмектесу»
Томирис үшін IELTS-тен 9.0 балл алу тек жеке жетістік емес, кәсіби тұрғыдан да маңызды белес болған.
Ол қазір ағылшын тілін үйреніп жүрген жастарға өз тәжірибесін сенімді түрде жеткізе алатынын айтады. Әсіресе IELTS-тен сабақ беретін маман ретінде бұл нәтиже өз біліміне деген сенімін нығайтқан.
«Нәтижемді алғаш көргенде, ең алдымен, басқа оқушыларға IELTS тапсыру жолында қалай көмектесе алатыным туралы ойладым. Қазіргі басты мақсатым — өз тәжірибеммен бөлісіп, олардың да көздеген нәтижелеріне жетуіне қолдау көрсету», – дейді Томирис.
Алдағы уақытта ол білімін әрі қарай жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды жоспарлап отыр.
Томирис ағылшын тілін меңгергісі келетін жастарға жоғары нәтижеге бірден жетуді емес, тұрақты еңбектенуді басты қағида етуге кеңес береді.
«Ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеру үшін едәуір уақыт пен күш-жігер қажет. Дегенмен оған қол жеткізуге болады. Ең бастысы — тұрақтылық пен табандылық танытып, тілді үйренуге жүйелі түрде уақыт бөлу», – деп түйіндеді ол.