Алматыда 12 тамызға дейін Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE 2026 жастар фестивалі өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қаланың барлық ауданында білім беру, мәдени, спорттық, экологиялық және қоғамдық бағыттағы түрлі іс-шаралар жоспарланған. Фестивальге 20 мыңнан астам алматылық жас пен қала қонақтарының қатыспақ. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Биыл 2 тамызда басталған фестиваль «Қала сенен басталады. Город начинается с тебя» ұранымен өтуде. Бағдарлама жастардың бастамасын қолдауға, олардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және қала өміріне белсенді қатысуын арттыруға бағытталған.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, фестиваль тұжырымдамасы мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарды дәріптейді.
«Фестиваль тұжырымдамасы мемлекеттік жастар саясатының басымдықтарына толық сәйкес келеді және Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтарды дәріптейді. Бүгінде жастар арасында жауапкершілік, жасампаздық мәдениетін қалыптастыру және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын арттыру аса маңызды. ALMA LOVE – бұл тек мерекелік іс-шара ғана емес, жастардың жаңа білім алып, өзара тәжірибе алмасуына, дамуына және өз бастамасын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта», – деді Азиз Кажденбек.
Фестиваль EcoVibe экологиялық челленджімен басталды. Жүздеген жас қаланың барлық ауданында аула мен қоғамдық кеңістікті көріктендіруге және экологиялық акцияларға қатысты. Ал JasVibe жобасы аясында 3 тамыздан бастап арнайы брендтелген автокөлік пен JasAlmaty маскоты тұрғындарды ALMA LOVE 2026 бағдарламасымен таныстырып, фестиваль іс-шараларына қатысуға шақырып жүр.
Фестивальдің білім беру бағдарламасы аясында 4 тамыз күні қалалық комьюнити орталықтарында LEVEL UP зияткерлік ойындары өтеді. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, экологиялық жауапкершілік, саналы тұтыну, азаматтық белсенділік және қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелер тақырыптарын талқылайды.
Шығармашыл жастар үшін басты алаң Арбат болмақ. Avenue Talent жобасы аясында 5 тамыз жас музыканттар, орындаушылар, ақындар, бишілер мен суретшілер өз өнерін көпшілікке ұсынады.
6 тамызда кәсіпкерлердің, ғалымдардың, спортшылардың, қоғам қайраткерлерінің және қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен ALMA LOVE Talks форумы ұйымдастырылады. Ашық кездесу форматында спикерлер өздерінің кәсіби жолы, өмірлік тәжірибесі және жүзеге асырған жобалары туралы әңгімелейді.
Фестиваль бағдарламасына осы жұма күні Сайран көлінің жағасында ашық аспан астында өтетін кино көрсетілімі де енгізілген. 8 тамызда JasAlmaty Cup – 2026 жастар футбол турнирі, ал 10 тамызда Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі мен «Жағалаудағы Абай» мәдени-ағартушылық жобасы өтеді.
Сондай-ақ 10–11 тамыз көшбасшылық, инновациялар, еріктілік, психикалық денсаулық және халықаралық жастар ынтымақтастығы мәселесіне арналған халықаралық деңгейдегі UNICEF Жастар форумы – 2026 ұйымдастырылады.
ALMA LOVE 2026 фестивалі 12 тамыз «Шабыт» жазғы амфитеатрында өтетін үлкен гала-концертпен қорытындыланады. Бағдарламада қазақстандық танымал өнерпаздардың концерті, белсенді жастарды марапаттау рәсімі, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен арнайы қойылым және өзге де іс-шаралар жоспарланған.
Фестиваль бойы әлеуметтік жобалар көрмесі, жастар бастамалары алаңы, игі істердің цифрлық платформасы, кітап оқу аймағы, спорт және ойын алаңы, шебердің сабағы, шығармашылық кеңістік пен заманауи арт-инсталляциялар жұмыс істейді.