AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Медицина / Алматыда ағза донорлығын дамыту мәселелері талқыла...

Алматыда ағза донорлығын дамыту мәселелері талқыланды

Медицина Бүгін 11:07 43
Алматыда ағза донорлығын дамыту мәселелері талқыланды

Алматы қаласының Кардиологиялық орталығында Еуропалық донорлық және ағзаларды трансплантациялау күніне орай «Қайтыс болғаннан кейінгі ағзалар донорлығы жүйесін дамыту: негізгі мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Іс-шара барысында медициналық ұйымдар арасындағы ведомствоаралық және ұйымаралық өзара іс-қимыл, донорлық үдерісті үйлестіру, халық пен медицина қызметкерлерін кеңірек ақпараттандыру, сондай-ақ қолданыстағы жүйенің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алматы қаласы бойынша трансплантация үйлестірушісі, №7 қалалық клиникалық аурухананың дәргігер-нефрологы Меруерт Мұқанова донорлық пен трансплантация жүйесінің өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Біз потенциалды донор дегенде 18–65 жас аралығындағы адамдарды қарастырамыз. Күту парақшасында тұрған, трансплантацияға мұқтаж науқастар саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қазіргі күні Алматы бойынша 891 науқас бар, оның 23-і бала. Әсіресе, бүйрекке мұқтаж адам көп. Одан кейінгі орында жүрек трансплантациясына мұқтаж 41 отандасымыз тұр. Бауырға зәру 35 адам бар. Өкінішке қарай, күту парақшасында тұрып, үмітіне жете алмай қайтыс болып кетіп жатқандар да аз емес. Егер де біздің осы донорлыққа деген көзқарасымыз өзгеретін болса, талай адамды аман алып қалар едік», – дейді дәрігер-нефролог Меруерт Мұқанова.

Айта кетейік, биылғы тоғыз айдың көрсеткішіне үңілсек, Алматы қаласы бойынша «күту парақшасындағы» бүйрек күткен – 34, бауырға зәру – 3, бүйрекке мұқтаж – 3, барлығы 40 адам көз жұмған.

Мамандардың пікірінше, елде қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келісетіндер саны әлі де аз. Биылдың өзінде Алматыда донор болуға 16 адам қарастырылған. Алайда әзірге ешқайсысы толық келісім бермеген. Оған себеп көбіне қайтыс болған адамның туыстарының қарсылық білдіруі. Демек трансплантация жүйесін дамыту медициналық мамандардың кәсіби даярлығын жетілдірумен қатар, ашық қоғамдық диалогты, халықтың донорлық мәселелері туралы хабардарлығын арттыруды және донорлыққа жауапты көзқарасты қалыптастыруды талап етеді.

«Қазір донор тақырыбында үлкен мәселе бар екені жасырын емес. Бұл жердегі ең маңызды нәрсе – халыққа осы тұрғыда көбірек ақпарат беріп, дұрыс жеткізіп, түсіндіріп отырсақ, потенциалды донор саны артады. Ағзаға мұқтаж адамдарға да көмектесе аламыз», – дейді Алматы қалалық Кардиология орталығының директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Жиында донорлық орталықтардың үйлестірушілері – Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігері Ғалымжан Пірмағамбетовтің, №4 қалалық клиникалық аурухана маманы Жандос Дәулетбековтің, Жедел медициналық көмек ауруханасының дәрігері Гүлнар Бердалинаның, №7 қалалық клиникалық аурухана дәрігері Есенай Еспенбетовтің, Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының маманы Тимур Шупеновтің баяндамалары тыңдалды.

Мәйіттік донор тақырыбына дін өкілі де пікір білдірді. Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Тимур Алиев исламның трансплантология тақырыбына қарсы еместігін айтты.

Егер кімде-кім басқа бір адамның өмірін сақтап қалатын болса, ол бүкіл адамзаттың жанын сақтап қалғанмен тең болады. Сондықтан ислам ағза донорлығын теріске шығармайды. Керісінше, шариғатта үлкен сауапты іс болып саналады. Иә, жамағат тарапынан «сауап үшін сондай қадам жасайын, бірақ ертең қияметте сұралмаймын ба?» деген секілді сауалдар қойылады. Ақыретке барғанда таразыға түсетін – сенің осы дүниеде жасаған амалдарың. Яғни біреудің ала жібін аттамадың ба, біреудің ақысын жемедің бе, міне, сол адами құндылықтар сұралады», – деді исламтанушы Тимур Алиев.

«Дөңгелек үстел» басында өткен жиында кеудесіне донорлық жүрек салынған, сол жүрекпен жиырма екі жылдан бері қалыпты өмір сүріп келе жатқан Болат Исаев та сөз алды.

«Мен жүрек дертіне сонау 2006 жылы, 44 жасымда шалдыққан болатынмын. Ол біздің елде трансплантация деген ұғым қалыптаса қоймаған кез еді. Арада жеті жыл өткенде маған мәйіттік донордың жүрегі салынды. Менің өмірімді сол кезде бақандай 220 дәрігер күзетіп тұрыпты! Міне, мен тірімін, алдарыңызда тұрмын. Содан бері 22 жыл өтті. Қазір 64-темін. Жұмыс істеймін, көлік те жүргіземін, ыстық моншаға да түсемін. Өзімді жақсы сезінемін. Өмірдің әр сәтін құрметтеймін. Маған кезінде жүрегі салынған азаматтың ұлтын да, дінін де білмеймін. Сондықтан кейде мешітке барып дұға бағыштаймын, шіркеуге де кіріп, шырақ жағамын. Жасының менімен қатарлас болғанын естігенім бар. Алматының азаматы деді. Жүрегі Астанада отаға дайын жатқан маған ұшақпен жедел жеткізілген екен. Донордың ата-анасына да ылғи алғысымды іштей білдіріп жүремін. Менің өмірім үшін күрескен дәрігерлерге де рахмет айтамын», – деді Болат Исаев.

Медицинаның өзекті мәселесін қаузаған жиында трансплантация жүйесін одан әрі дамыту тек медициналық мамандардың кәсіби даярлығын жетілдірумен шектелмей, қоғаммен ашық диалог орнату, халықты донорлық мәселелер туралы жан-жақты хабардар ету және баршамызға донорлыққа жауапты көзқарас қалыптастыру қажет екені айтылды.

Мәйіттік донорлық – бір адамның өмірден өткеннен кейін де өзге жандардың өмірін жалғастыруына мүмкіндік беретін ізгілік жолы. Қоғам осыны түсінсе дейді дәрігер-сарапшылар.

Нұржамал ӘЛІШ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#донор
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Көкжайлауда 9 мыңға жуық шырша отырғызылды: «Halyk Орманы» жобасының күзгі маусымы басталды

Бүгін 14:13

Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен шағын құрамда келіссөз жүргізді

Бүгін 13:45

900 млрд теңгеге жуық инвестиция: Алматының қонақ үй нарығы қарқынды дамып келеді

Бүгін 12:17

Түркі әлемі ғалымдары Алматыда бас қосады

Бүгін 12:15

Сапа стандарттан басталады: Алматыда тұтынушыларды қорғаудағы стандарттау мен метрологияның рөлі талқыланды

Бүгін 12:06
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);