Биылғы 9 айда Алматының амбулаториялық психиатриялық қызметіне 12 756 адам жүгініп, 5 355 онлайн-консультация өткізілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Балалар мен жасөспірімдер психиатриялық қызметінде 403 бала мен жасөспірімге алғаш рет диагноз қойылды. Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай өткен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында мамандар психикалық бұзылысы ерте анықтау мен көмекке мұқтаж әр адамға оны қолжетімді ету үшін қолға алған жұмыстары туралы айтып берді.
Биыл қаланың ересектерге арналған амбулаториялық қызметінде психиатрлар мен психотерапевттерге 44 666 рет жүгінен. Бұл көрсеткішке пациенттердің үйіне барып көрсетілген қызмет те кіреді. Алматының штаттан тыс бас психиатры, Қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Наби Есімовтың айтуынша, адам қажетті көмекті уақытында және мүмкіндігінше үйіне жақын жерден ала алуы үшін қызмет амбулаториялық және қашықтан көмек көрсету түрін дамытып келеді.
«Адамға бағдарланған ДДҰ белгілеген замандық тәсіл сауығуға бағытталған психиатриялық көмекті дамытуды көздейді. Бұл ретте пациенттер мен олардың үй-ішінің пікірі маңызды рөл атқарады. Ол кері байланыс көзі ғана емес, қызметті жетілдіретін фактордың бірі. Алматы үшін бұл көмекті тұрғылықты жері бойынша одан әрі дамыту, бұзылысты ерте анықтау, психологиялық және психиатриялық қолдау көрсету, медициналық оңалту мен пациенттің әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету деген сөз», – деді.
Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсету психикалық және мінез-құлық бұзылысының алғашқы белгісіне назар аударудан басталады. Алматының штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрова атап өткендей, ерте анықтау балаға уақытында көмек көрсетіп, оның жағдайының нашарлауына жол бермеуге көбірек мүмкіндік береді.
Спикердің мәліметінше, 9 ай ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған психиатриялық қызметте пациенттердің үйіне барғанды қоса алғанда, 17 303 консультация тіркелген. 443 бала мен жасөспірім алғаш рет динамикалық бақылауға алынған.
Аутизм спектрі бұзылысын ерте анықтау үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында M-CHAT скринингі енгізілді. Психикалық денсаулық орталығы мектептермен де өзара жұмыс істейді, дағдарыстық жағдайларда балаларды тиісті мамандарға бағыттау жүйесін жетілдіріп, балалармен жұмыс істейтін мамандарды оқытып жатыр. Маусым айында mhGAP бағдарламасы бойынша 201 маман даярланды.
«Бала үшін уақытылы көрсетілген көмек – уақытша қиындықтың немесе аурудың оның бүкіл болашақ өмірін айқындап кетуіне жол бермеу мүмкіндігі. ДДҰ-ның 2026 жылғы Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне арналған “Тыңдалған жеке тәжірибеден нақты өзгерістерге дейін” тәсілі балалар психиатриясы үшін аса өзекті. Көмек көрсету жүйесі медициналық диагнозды ғана емес, баланың нақты өмірін, оның отбасын, білім беру ортасы мен әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін де ескеруі тиіс», – дейді Ольга Александрова.