Алматыда 2025 жылы 4 ақпанда көше саудасы нысандарын жою науқаны басталды. Жұмыс Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Қазіргі таңда мемлекеттік қор жерлерінде орналасқан 302 заңсыз сауда нысаны және 222 ойын аппараты (күш өлшегіштер) сүрілді. Қалған 210 заңсыз сауда нысаны 15 наурызға дейін алынып тасталады.
Бұл жұмысты қала тұрғындары да бағалап үлгерді. Алматының Медеу ауданында тұратын Татьяна Касаткина дүңгіршектердің алынуымен көшелер кеңейіп, тазарып, жаяу жүргіншілерге орын көбейгенін атап өтті.
«Достық даңғылы бойындағы, соның ішінде «Достық Plaza» сауда орталығының жанындағы, сондай-ақ, «Орбита» шағын ауданындағы дүңгіршектердің ақыры алынғанына өте қуаныштымыз. Бұрын фастфуд дүңгіршектерінен қалған қоқыстар, арықтарда жүгіріп жүрген егеуқұйрықтар көз алдымызда болатын. Біздің халық әлі де тамақтану мәдениетін, өзінен кейін тазалық сақтауды үйренуі керек. Жеген тамағының қоқысын жерге, асфальтқа лақтыра салады. Ал дүңгіршектердің жанындағы қоқыс жәшіктері жиі толып тұратын. Жалпы, асығып жеген фастфудтың пайдалы екеніне де күмән бар. Бұл дүңгіршектердің қызметкерлері мен ондағы санитарлық жағдайына да сұрақ көп. Оған қоса, Медеу ауданын туристер жиі аралайтындықтан, қаланың келбеті де маңызды. Көктемге қарай қаламыз тазарып, өзінің әдемілігі мен жайлылығын көрсете түссе екен», – деді Татьяна Касаткина.
Әуезов ауданының тұрғыны Айгүл Күлжаханова дүңгіршектер алынып тасталған соңтбалалар алаңына қолжетімділік артқанын, айналаның тазара түскенін айтты.
«Бұл мәселе ауданда төрт жылдан бері шешімін таппай келді. Алдымен Фуркат көшесінде екі дүңгіршек пайда болды, кейін тағы екеуі қосылды. Біріншіден, олар жақында ғана салынған воркаут аймағы, скейт алаңы және балалар алаңының алдын жауып тастады. Екіншіден, жұмыс істеген орындары антисанитарлық жағдайда болды: ыдыстарын дүңгіршектің артында, қарапайым легенде жуды, айналасына орауыш қағаздар, пакеттер мен тамақ қалдықтары шашылып жататын. Сондай-ақ, бұл дүңгіршектердің жанында жергілікті колледж студенттері, мектеп оқушылары мен өзге де адамдар жиналып, мектеп аумағына кіруге кедергі келтіретін. Одан бөлек, олар гүлзардың орнында болып, гүлдер көрінбей қалды. Мен бұл мәселені «e-Otinish» арқылы екі рет өтініш жаздым. Билік назар аударғанына қуаныштымын. Жақында барлық төрт дүңгіршек алынып тасталып, аумақ тазартылды, енді балалар алаңына емін-еркінге болады. Көктемде қайтадан гүлзар жасалады деп үміттенемін», – деді ол.
Өз ойын Алматы қаласының тұрғыны Зарина Зунаева да білдірді.
«Көктем жақындағанда қаламыз жаңарып жатқаны жақсы. Көшелер кеңейіп, тазарып келеді, тәртіп күшейді. Бизнесті заң аясында жүргізу керек, бұл еліміздегі барша азамат үшін ортақ талап. Бізді бұрыннан алаңдатқан мәселе – дүңгіршектерден қалған қоқыс, санитарлық нормалардың сақталмауы, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолының тарылуы сияқты мәселеге назар аударылғанына ризамыз. Бұл жұмыстың жалғасатынына үміттенеміз», – деді Зарина Зунаева.