Бүгінгі жастардың өмір ырғағы бұрынғыдан мүлдем басқа. Олар бір мезгілде оқиды, жұмыс істейді, жоба жасайды, әлеуметтік желілерге контент шығарады. Ой мен шабыт белгілі бір сағатты күтпейді: жаңа идея кейде таңертең емес, түн ортасында келеді. Сондықтан қазіргі қала жастарға тек күндізгі емес, кез келген уақытта даму мүмкіндігін ұсына алуы керек.
Мыңдаған студент, жас маман мен кәсіпкер шоғырланған Алматы осы сұранысқа жауап беретін жаңа форматты іске қосты. Енді қаланың жастары білім алу, тәжірибе жинау және пікірлес адамдарды табу үшін тәуліктің кез келген уақытында бас қоса алатын арнайы кеңістікке ие болды. Мегаполистің Бостандық ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін жастар комьюнити-орталығы ашылды.
Оның іске қосылуы қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.
Алматыны тәулік бойы өмір сүріп, жұмыс істейтін қала ретінде дамыту туралы бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Мемлекет басшысы мегаполисті тұрғындарға, бизнеске және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын тәулік бойғы тартылыс орталығы ретінде дамытуға назар аударған еді.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды заманауи қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жастарға қолайлы жағдай жасауға және олардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Қалалық саясаттың басымдықтарының бірі – жастар жаңа білім алып, кәсіби дағдыларын дамытып, өз бастамаларын жүзеге асырып, пікірлес адамдарды таба алатын қолжетімді қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру. Тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити-орталықтың ашылуы – осы бағыттағы тағы бір қадам. Ол жастарға мегаполистің мүмкіндіктерін тәулік уақытына қарамастан пайдалануға жол ашады.
«24 сағаттық жаңа тәсіл жастар инфрақұрылымында да жалғасын табуда. Өйткені қазіргі өмір ырғағы таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейінгі әдеттегі кестемен шектелмейді. Студенттер емтиханға түнде дайындалады, жас кәсіпкерлер оқудан кейін стартаптарымен айналысады, ал шығармашылық мамандық иелері шабытты көбіне түн ортасынан ауа табады. Жаңа комьюнити-орталық дәл солар үшін уақыт дамуға және өз идеяларын жүзеге асыруға кедергі болмайтын орынға айналуы тиіс», – деп атап өтті Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек.
Орталық Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайында орналасқан. Жалпы ауданы 450 шаршы метр болатын үш қабатты ғимаратта білім беру, мансаптық, цифрлық, шығармашылық және қоғамдық бағыттар біріктірілген. Кеңістіктің басты ерекшеліктерінің бірі – идеядан бастап оны іс жүзінде жүзеге асыруға дейінгі жолды бір жерде өтуге болады.
Мысалы, болашақ мамандығын әлі таңдамаған жас кәсіби бағдар беру бойынша кеңес ала алады. Жұмыс іздеушілерге түйіндеме жазуға, сұхбатқа дайындалуға және бос жұмыс орындарын табуға көмектеседі. Қалалық мансап орталығында жұмыс берушілермен тікелей байланыс қарастырылған.
Орталықтың ашылу салтанатында таныстырылған серіктестер қатарында HeadHunter, Alatau City Bank, JETI Group, Attractor School және басқалар бар.
Технологияға қызығатындар үшін Game Dev Zone жұмыс істейді. Мұнда жастар компьютерлік ойындарды әзірлеумен, бағдарламалаумен, виртуалды кеңістіктер жасаумен және цифрлық дизайнмен таныса алады. Болашақта бұл алаң практикалық сабақтар, хакатондар мен командалық жобалар өтетін орынға айналады.
Шығармашылық индустрияларға ерекше назар аударылған. Орталықта подкаст-студия мен Media Room жабдықталған. Онда жастар сұхбат жазып, бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерге материал дайындап, жеке брендін дамытып, кәсіби портфолио қалыптастыра алады.
Тағы бір бағыт — психологиялық қолдау. Жастар маманнан жеке кеңес алып, өзін толғандыратын қиындықтарды, өзін-өзі анықтау және кәсіби даму мәселелерін талқылай алады.
Сондай-ақ орталықта ашық дәрістер мен пікірталастарға арналған амфитеатр, оқу мен бірлескен жұмысқа арналған коворкинг және еркін араласуға, кездесулерге, жаңа жобаларды талқылауға арналған Kitchen Room бейресми кеңістігі бар.
Ұйымдастырушылардың ойынша, осы бағыттардың бәрі біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс: жас адам білім алып, команда тауып, қажетті дағдыларды меңгеріп, жұмысқа орналасуға немесе өз ісін бастауға алғашқы қадам жасай алады.
«Тәулік бойы жұмыс істейтін жастар кеңістігінің ашылуы Алматыны дамытудағы оңтайлы тәсілді көрсетеді. «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасы мегаполис өмір ырғағы әртүрлі тұрғындар үшін қолжетімді әрі жайлы болуы керек екенін, ал білім алу, жұмыс істеу және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктері тек тәулік уақытына байланысты болмауы тиіс екенін білдіреді. Сонымен бірге жаңа орталықтың басты міндеті – жастарға кездесу немесе оқу үшін жай ғана бөлме беру емес, жаңа бастамалардың, кәсіби мүмкіндіктер мен бірлескен жобалардың пайда болуына жағдай жасау», – деп қосты Азиз Қажденбек.
Көптеген университеттер, колледждер, білім беру және шығармашылық ұйымдар шоғырланған Алматыда мұндай формат студенттер, жас мамандар, кәсіпкерлер мен креативті индустрия өкілдері үшін сұранысқа ие алаңға айналуы мүмкін. Идея қарапайым: егер жас адамда оқуға, еңбек етуге және дамуға деген ниет болса, сағат тіпті түн ортасынан асып кетсе де қалада оған мүмкіндік болуы керек.
Жаңа орталық – жастарға деген сенімнің айқын көрінісі. Мұнда әр жас өз қабілетін дамытып, болашақ мамандығын анықтап, алғашқы жобасын іске асыруға мүмкіндік алады. Бір шаңырақ астында білім, мансап, технология, шығармашылық және психологиялық қолдаудың тоғысуы жастардың жан-жақты дамуына жол ашады.
Мұндай кеңістіктердің тағы бір маңызы – адамдарды біріктіруі. Түрлі салада жүрген жастар осында танысып, ортақ идеялар төңірегінде топтасып, бір-бірінен үйренеді. Бүгін Kitchen Room-да шай үстінде басталған әңгіме ертең табысты стартапқа немесе қоғамға пайдалы бастамаға ұласуы әбден мүмкін.
Алдағы уақытта мұндай орталықтар қаланың басқа аудандарында да ашылса, Алматы жастар үшін шынымен де мүмкіндіктер қаласына айнала түспек. Ал «Ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасы тек түнгі жарық пен ашық дүкендер ғана емес, ең алдымен адамның дамуына үздіксіз жағдай жасау екенін дәлелдемек.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ