Алматы қаласы Білім басқармасының ахуалдық орталығы «Хрустальный шар – 2026» халықаралық сыйлығының «Халықаралық тәжірибе» арнайы жүлдесіне ие болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Марапаттау рәсімі 5 қарашада Мәскеуде өтті.
Алматы өкілдеріне марапат әлеуметтік желілерді талдау және цифрлық коммуникация саласындағы халықаралық байқаудың қорытындысы бойынша табысталды.
Бұған дейін қазақстандық жоба «Мемлекет және қоғам» халықаралық номинациясында үздік 10 жобаның қатарына еніп, Орталық Азиядан ондыққа кірген жалғыз жоба атанған болатын.
«Хрустальный шар» сыйлығы биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы байқау сегіз тақырыптық номинация мен үш арнайы санатты қамтыды. Ұсынылған жобаларды кәсіби қазылар алқасы бағалады.
Алматының ахуалдық орталығы қоғам үшін маңызды міндеттерді шешуде цифрлық құралдарды қолданғаны үшін жоғары бағаланды. Жүйе ақпараттық кеңістікті бақылауды, азаматтардың өтінішін қарауды және жауапты қызметтермен жедел өзара іс-қимылды біріктіреді. Бұл білім беру саласындағы мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
«Халықаралық марапатқа ие болу – біздің команда үшін маңызды оқиға. Алматыда әзірленген жобаның Қазақстаннан тыс жердегі кәсіби қауымдастық тарапынан мойындалғаны ерекше қуантады. Бұл бірлескен еңбектің және қала билігінің қолдауының нәтижесі. Осындай қолдаудың арқасында мұндай бастамалар дамып, тұрғындарға нақты пайда әкелуге мүмкіндік алады», – деді жоба жетекшісі Рафаэль Гасанов.
Арнайы жүлденің берілуі қаланы басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі қазақстандық тәжірибенің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетті.