Алматы жастары экологиялық мәдениетті түзуге атсалысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда жыл басынан бері «Таза сана» жобасы аясында 26 көшпелі «Эко-нүкте» экологиялық акциясы өткізілді. Алдағы айларда балалар мен жасөспірімдерге арналған қалалық экологиялық лагерь де іске қосылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Таза сана» жобасының жоба менеджері Наргиз Қабдоллаева осылай деді.
Оның айтуынша, әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптастырып, оны біртіндеп әдеп пен әдетке айналдыру екен мақсаты.
Наурыз айынан бері команда қаланың аудандарын аралап қайтқан. Аула тұрғындарына қалдықтарды сұрыптауды түсіндіріп, олардың экологиялық өмір салтына қатысты қойған сұрағына жауап беріпті, балаларға арналған тақырыптық ойындар мен шеберлік сабағы да қоса ұйымдастырылмақ.
«Біз экология туралы түсінікті тілде айтуға тырысамыз. Әр аулаға барып, халықпен қарым-қатынас орнатқанды дұрыс санаймыз. Қоршаған ортаға қамқорлық күнделікті қарапайым әдеттен басталатынын көрсеткіміз келеді. Әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлеміз, өйткені олар жаңа экологиялық дағдыны кейін үй ішінде насихаттайды», – дейді Наргиз Қабдоллаева.
Тұрғындардың қалдықты сұрыптауға қызығушылығы артып, қоқысты дұрыс бөлудің жолдарын ата-анасына балалардың өздері де түсіндіре бастапты.
Іс-шаралар барысында жас қатысушылар үшін экологиялық ойындар, байқаулар мен шеберлік сабақтары өткізіледі. Белсенді балаларға ынталандыратын сыйлық береді. Ұйымдастырушылар экология тақырыбын тыйым, шектеумен емес, осындай қызықты форматта жеткізбек ойда.
Тұрғындар «Эко-нүктенің» өз ауласына келгенін қаласа, олар Instagram желісіндегі @taza_sana.almaty парақшасы арқылы жобаны ұйымдастырушыларға хабарласа алады. Команда тұрғындармен, ПИК, МИБ және бастамашыл топтармен ынтымақтасуға дайын.
Ағарту жұмысынан бөлек, жобадағылар қалалық сенбілікке де қатысып жүр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді аумақты тазалаумен шектелмей, қалдыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін де қалыптастыру керек.
«Біз сенбіліктің қоғаммен бірге өзгергенін қалаймыз. Қазіргі заманғы экологиялық мәдениет – бұл тек тазалық жұмысы ғана емес, сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге жіберу. Мұндай әдеттер қаланы таза ұстап қана қоймай, полигондарға түсетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Жобаны дамыту аясында экологиялық ағартуды, жастар бастамасы мен қалалық экологиялық жобаларды қолдайтын бірнеше серіктеспен және ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Жобаның келесі маңызды кезеңі – қалалық экологиялық лагерьдің ашылуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жазғы демалыс орны ғана емес, балалар мен жасөспірімдерге экологиялық өмір салтының қағидаларын тәжірибе жүзінде үйрететін білім беру алаңы болмақшы.
Лагерьдегілер өсімдіктермен жұмыс істеп, Алматы табиғатын зерттейді, экологиялық жорықтарға қатысады, қалдықтарды сұрыптауды үйреніп, адамның күнделікті шешімдерінің қоршаған ортаға қалай әсер ететінін түсінеді. Жақын арада күндізгі экологиялық лагерьге қабылдау басталады. Тіркелу үшін жоба профилінде көрсетілген телефон нөміріне хабарласуға немесе @taza_sana.almaty Instagram парақшасының директіне жазуға болады.
«Біз табиғатқа қамқорлық жасауды өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдайтын ұрпақты тәрбиелегіміз келеді. Сондықтан дәріс пен теорияға ғана емес, тәжірибеге де басымдық береміз. Балалар экологиялық жобаға өздері қатысып, өз жұмысының нәтижесін көрген кезде, экологияның қадірін түсіне бастайды», – деп атап өтті Наргиз Қабдоллаева.
Жоба әлеуметтік желіде де белсенді дамып келеді. Команда экологиялық контент әзірлеп, интерактив пен челлендж ұйымдастыру арқылы жастарды осы заманғы коммуникация форматтары арқылы ұйыстыра бастады.
Ерекше танымалдыққа «Таза сана» жобасының экологиялық кейіпкері Тазабек туралы анимациялық жоба ие болды. Ол tazabek_officiel парақшасында жарияланады. Қысқа мультфильмдер мен бейнероликтер балаларға тазалық сақтау, қалдықтарды сұрыптау және қалаға ұқыпты қарау ережелерін түсіндіреді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл роликтер ата-аналар мен аула чатында, әлеуметтік желіде таралып, Алматының ең жас тұрғындары арасында экологиялық әдеттерді қалыптастыруға ықпал етіп отыр.