Кешкі уақыт. Қаланың қақ орталығындағы аялдамалардың бірінде екі адамның арасында жанжал шығады. Кейін төбелес басталып, айналадағы адамдар жан-жаққа тарайды. Бірақ бұл жолы оқиғаны куәгерлер ғана көрген жоқ. Жақын маңдағы камералар күмәнді әрекетті автоматты түрде тіркеп, ақпарат бірден мониторинг орталығына жіберіледі. Жүйе адамдардың жаппай жиналуын, агрессивті қозғалысты анықтап, операторларға белгі береді. Полиция патрулі оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетеді.
Бұл – Алматыда қалыптасып жатқан жаңа цифрлық қауіпсіздік жүйесінің қалай жұмыс істейтінінің бір мысалы. Мегаполис цифрлық қауіпсіздік бағытында Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірін іске асырып жатыр. Шаһарда жасанды интеллект енгізілген Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі қалыптасып келеді. 2023 жылы Алматыда 18 мың камера болса, қазір олардың саны 70 мыңға жеткен. Жоба smart city моделінің бір бөлігі ретінде іске асырылуда және оның басты мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу мен қалалық қауіпсіздікті автоматтандыру.
Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі қаладағы камераларды бір платформаға біріктіріп, бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдайды. Жүйе түтін мен өртті, күмәнді заттарды, төтенше жағдай белгілерін, адамдардың қозғалысын және қоғамдық тәртіп бұзушылықтарын анықтай алады. Сонымен қатар, бейнеаналитика көлік нөмірлерін тану, адамдар көп шоғырланған аумақтарды бақылау және күмәнді әрекеттерді тіркеу функцияларын орындайды.
Қазір 8 мыңнан аса инфрақұрылым нысаны аталған жүйеге қосылған. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар, қоғамдық орындар мен көлік инфрақұрылымы бар. Әсіресе, білім беру ұйымдарының толық цифрлық бақылауға көшуі жобаның маңызды кезеңдерінің бірі болды. Алматыда алғаш рет мемлекеттік мектептер мен балабақшалар кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтылды. Оның құрамына цифрлық камералар, Face ID турникеттері, дабыл батырмалары және өрт қауіпсіздігі жүйелері енгізілген.
Алматы қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсековтің айтуынша, қазіргі жүйелердің басты мақсаты – тек оқиғаны тіркеу емес, қауіптің алдын алу.
«Келесі жылы біз жаңа бейнабақылаудың жаңа мүмкіндіктерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде: заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, қоғамдық көліктерді бақылау мен қаңғыбас үй хайуанаттарын анықтау жүйелері бар. Тағы бір маңызды бастама – Cell Broadcast технологиясын қолдану арқылы жедел ескерту жүйесінің енгізілуі», – деді Мейрам Дүйсеков.
Осы бер уақытта «Сергек» интеллектуалды қауіпсіздік жүйесі де кеңейтілуде. Алматыда 2000-ға жуық аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олар 9 мыңнан астам камераны қамтиды. Жүйе жол қозғалысын бақылап қана қоймай, жасанды интеллект арқылы адамдар тобын, күдікті заттарды, жол ережесін бұзу фактілерін және төтенше жағдай белгілерін анықтай алады. Мәліметтерге сәйкес, бейнемониторинг жүйесі іздеуде жүрген күдіктілерді табуға да көмектескен.
Цифрлық бақылау тек қауіпсіздікпен шектелмейді. Алматыда экологиялық мониторинг те жаңа деңгейге көтерілген. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау орындары Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі арқылы бақыланады. Жүйеге 730 бейнекамера интеграцияланған. Сонымен бірге, қоқыс шығару бағыттарын GPS арқылы бақылау енгізіліп, қамту деңгейі 65 пайызға жеткен. Болашақта бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ауа сапасын бақылау үшін қалада 296 датчиктен тұратын желі жұмыс істейді. Оның 200-і 2025 жылы Almaty Air Initiative қорының қолдауымен орнатылған. Бұл атмосфералық ауаның жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Алдағы жоспарларда су қорғау аймақтарын бейнемониторинг арқылы бақылау, экологиялық дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын құру және MassAlert ерте хабарлау жүйесін дамыту көзделген.
Қоғамда «камералар көбейген сайын қылмыс азайды ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Ресми статистика оң нәтижелердің бар екенін көрсетеді. Ресми органдар бұл өзгерістерді профилактикалық жұмыстармен, бейнебақылаудың кеңеюімен, цифрлық аналитикамен және патрульдеуді күшейтумен байланыстырады. Сарапшылардың пікірінше, smart city моделінде қауіпсіздік енді тек полиция санына емес, деректерді өңдеу жылдамдығына тәуелді. Бұрын камералар тек оқиғаны жазып алатын құрал болса, қазір олар қаланың цифрлық аналитикалық инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып отыр.
Алып шаһарымыздың қауіпсіздік пен цифрлық бақылау инфрақұрылымы бойынша өңірдегі ең технологиялық қалалардың біріне айналып келе жатқаны қуантады. Бірыңғай бейнемониторинг жүйесінің тек бақылау құралы емес, құқықбұзушылықтың алдын алуға, экологиялық бақылауды күшейтуге және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін цифрлық басқару тетігі екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Дана САДЫРҚАН