Жаңа жыл мерекесін асыға күтетін балалар. Ауырып, ауруханаға түскен балалар үшін бұл мереке, әсіресе, маңызды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес балаларды Жаңа жылмен құттықтауға ерекше көңіл бөлінді. Биыл Алматыда дәстүрлі түрде мектептерде, әлеуметтік орталықтарда, балаларға бейімдеу және көмек көрсету орталықтарында балаларға арналған шыршалар, сондай-ақ ХӘОТ санатындағы балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шыршалар өткізілді.
Алматыда Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығындағы 50 бала қала әкімінің атынан жаңажылдық сыйлықтар алды. Кішкентай емделушілерді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ем алып жатқан балалар үшін қонақтардың келуі тосын сый болды. Балаларға сыйлықтар таратылып, тілектер айтылды. Емделушілердің көңіл-күйі әп-сәтте көтеріле түсті. Ал жақсы көңіл-күй денсаулық кепілі екені сөзсіз.
«Үйге, жақындарыңызға оралу үшін тезірек сауығып кетуді тілеймін. Сендерге зор денсаулық, қызықты жаңажылдық демалыс пен шынайы қуанышты сәттер тілеймін», - деп Иран Шәметеков Жаңа жылды ауруханада қарсы алуы мүмкін балаларды қолдады және медицина қызметкерлеріне атқарып жатқан жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мерекелерімен құттықтады.
«Балаларды Жаңа жылмен құттықтау және олар үшін мереке ұйымдастыру – біздің жыл сайынғы дәстүріміз. Соңғы екі жыл пандемияның кесірінен мерекелеуден бас тартуға тура келді. Ал биыл балаларға жаңажылдық мереке сыйладық. Ауруханада 160-қа жуық бала емделіп жатыр, осы жолы оларға Жаңа жыл мерекесін өткізіп жіберуге ештеңе себеп болмайды деп шештік. Балалар жедел жәрдем орталығында 13 клиникалық бөлімше бар. Әр бөлімшеде балалар үшін ерекше шоу-бағдарламасы бар ертеңгіліктер өтті», - дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Әлібек Смағұлов.
Еске салайық, Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығы 0-18 жас аралығындағы балаларға шұғыл және жоспарлы хирургиялық көмек көрсетеді. Мұнда емдеудің инновациялық хирургиялық әдістері қолданылады, күніне 300-ден астам бала аурухананың қабылдау бөліміне жүгінеді.
Мұнда хирургиялық көмек, травматология, урология, нефрология, балалар неврологиясы, офтальмология және токсикологиялық көмек көрсетіледі. Орталықта сонымен қатар неонатальды хирургия бөлімі мен туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді күтуге арналған реанимация бөлімі бар. Орталықта еліміздің түкпір-түкпірінен күйік пен үсікке шалдыққан балалар жедел және оңалту емін алады.