Жуырда Вена қаласындағы Хофбург сарайында орналасқан Австрия Ұлттық кітапханасында Алматы қаласы тарихы музейі ұйымдастырған «Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» атты көрме ашылды. Көрменің өтуіне Алматы қаласы әкімдігі және Қазақстанның Австрия Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті.
Еуразия құрлығының кіндігіндегі ең ірі мемлекет – Қазақстан Республикасының жаңа тарихы 1991 жылы тәуелсіздік алған кезден бастау алады. 1992 жылы Қазақстан Орталық Азия аймағындағы Австриямен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан бірінші мемлекет болды. Жыл өткен сайын Қазақстан мен Австрия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс нығайып келеді. Бұл көрме – осы ынтымақтастықтың нақты көрінісі.
Алматы қаласы тарихы музейінің «Қазақстан көшпенділері. Салты мен дәстүрлері» көрмесі келушілерді Ұлы даланы мекендеген халықтың терең тарихы мен мәдениетімен таныстырып, екі ел арасындағы мәдени диалогты жалғастырды деуге негіз бар. 200-ден аса көрермен тамашалаған салтанатқа Қазақстан Республикасының Австриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді, Австрия Сыртқы Істер министрлігінің департамент директоры Герхард Зайллер мырза, Австрия Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ирмград Харрер ханым, сонымен қатар, әлем елдерінің Австриядағы және Еуропалық ұйымдардағы дипломатиялық миссия басшылары, Вена қаласы басқару органдарының өкілдері, суретшілер, музыканттар, бизнес өкілдері, студент- жастар қатысты.
«Қазақ халқының бай мәдениеті, тарихы сан ғасырлардан тамыр тартады. Көшпенділер мәдениеті қазіргі өркениеттің қайнары десе болады. Еуропалық мәдени орта үшін бүгінгі көрме тосын жаңалықтарға толы ерекше оқиға болғаны сөзсіз», – деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның Австриядағы Елшісі Мұхтар Тілеуберді.
Тарихи жәдігерлермен қатар, Венаның аспанында қазақтың әні мен күйі қалықтады, еркін елдің рухы Дунай жағалауын дүр сілкіндірді. Алматы қаласы музейлер бірлестігі қорындағы қазақтың 100-ден аса тарихи-мәдени жәдігері ұсынылған көрме Вена қаласының мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі болды. Көрме қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, қолданбалы өнерін баяндайтын этнографиялық жәдігерлер, музыкалық аспаптар мен Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірін көрсететін фотосуреттерге негізделген.
Көрменің ортасында киіз үй – көшпелілердің ең көне және сонымен бірге заманауи жылжымалы тұрғын үйі орналасқан. Бұл қазақ халқының материалдық мәдениетінің үлкен жетістігі деуге болады: ол оңай тасымалданады, тез орнатылып, бөлшектеледі, киіз жамылғы жаңбыр өткізбейді, бұл баспана жазда салқын және қыста жылы болады. Ал қазіргі күні малшылардың жазғы жайлауында киіз үйлер тігіліп, кез келген мереке, тіпті қалаларда да онсыз өтпейді. Қазақтың киіз үйі халықтың материалдық мәдениетінің элементі ғана емес, сонымен бірге әлемнің діни-мифологиялық суреті туралы ең алуан түрлі мәліметтерге толы символизмді қамтиды.
Қазақ үйінің безендірілуі көшпелілердің халықтық қолданбалы өнерінің айқын үлгісі болып табылады. Киіз үйдің ішкі бөлігінде Алматы қаласы тарихы музейінің қорынан алынған жәдігерлер: түкті және түксіз кілемдер, кестеленген қабырға кілемдері (түскиіз), киіз кілем (сырмақ), төсек кілемі (түскесте), сандық, ат әбзелдері, ыдыс-аяқ және т.б. күнделікті заттар.
Қайрат ТАРБАЕВ, Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының даму жөніндегі орынбасары:
– Көшпелі өмір салты қазақ халқының дүниетанымының, салт-дәстүрінің, рухани және материалдық мәдениетінің негізі болды. Көшпелілердің рухани тәжірибесі жалпыадамзаттық мәнге және құндылыққа ие және бүкіл әлемде ғылыми қызығушылық тудырады. Бұның айғағы – Алматы қаласы музейлер бірлестігінің әлем елдерінде өткізіліп келе жатқан көрмелері. Былтыр қазақ тарихымен Оңтүстік Кореялықтар мен Түркиядағы бауырлар танысса, биыл көшпенділер тарихы мен бүгіні туралы көрме Италияның Неаполь қаласында өтіп жатыр. Бұл жақсы дәстүр алдағы жылдары да жалғасын таппақ.