Алматыда медициналық туризмді дамытуға арналған халықаралық форум өтіп жатыр. Бұл жиынға денсаулық сақтау жүйесінің өкілдерін, туристік сала мамандарын және халықаралық серіктестер қатысып отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі Алматы Туризм басқармасына сілтеме жасап.
Форум барысында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізу және медициналық қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
"Қазір Қазақстан, соның ішінде Алматы қаласы, Орталық Азиядағы медициналық туризмнің жетекші орталықтарының біріне айналып келеді. Біз дамыған туристік инфрақұрылымды, сапалы медициналық қызмет көрсетуді және қолайлы көлік қатынасын тиімді ұштастырып отырмыз", - деді шаһардың шетелдік пациенттерді тартудағы әлеуеті жоғары екенін атаған Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова.
Оның айтуынша, қалада пациенттерге кешенді қызмет көрсету жүйесі жолға қойылып келеді. Сапарды ұйымдастырудан оңалтуға дейін тізбек толық қарастырылған. Ал халықаралық стандарттарды енгізу шетелдік азаматтардың сенімін арттырып отыр.
Форум аясында Үндістанмен әріптестік мәселесіне ерекше назар аударылды.
"Алматы мен Үндістан медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға тұрақты қызығушылық танытып отыр. Бірлескен бастамалар тәжірибе алмасуға және заманауи медициналық технологияларды енгізуге жол ашады", — деді үнді делегациясының өкілі Шри Хоти Лал.
«Қазақстан пациенттер үшін тартымдылықтың негізгі алғышарттарына ие. Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі мемлекет тарапынан кепілдендірілген. Ал денсаулық сақтау жүйесі халықаралық стандарттар мен дәлелді медицина қағидаттарына негізделген», - деді саланы дамытудың жүйелі тәсілін атаған Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Қаржаубаева.
Форум аясында онкология, трансплантология және нейрохирургия салаларын дамыту, сондай-ақ озық медициналық технология енгізу мәселелері қарастырылды.
Қатысушылардың пікірінше, халықаралық ынтымақтастықты нығайту Алматыға шетелдік пациенттер легін арттырып, медициналық инфрақұрылымның одан әрі дамуына серпін береді.