Қазақстан теннисі тарихындағы бесінші ATP турнирі және Алматыда өтетін алғашқы жарысқа дайындық қалай жүріп жатыр? Бұл туралы ҚТФ материалында баяндалады.
Көпфункционалды Almaty Arena кешені әлемнің ең мықты теннисшілерін қабылдауға толықтай дайын. Орталық кортта жекелей және жұптық разрядтарда 30 матч өтеді деп жоспарланған. Ал №1 кортта тағы 24 матч ойнатылады.
Almaty Arena арнайы теннис аренасы болмаса да, турнирді ұйымдастырушылар спорт кешенін барынша қысқа мерзімде теннис үшін толық бейімдеді.
Негізгі аренаның трибуналары 6 мың көрерменге арналған, ал қосымша аренада 1 мың көрерменді қабылдай алады. Спорт кешенінің сыртында 3 жаттығу кортына арналған уақытша құрылым салынған.
Ұйымдастыру комитеті Almaty Open турнирінің болашақта даму мүмкіндіктерін жоғары бағалап отыр. Осыған байланысты әлемдік тәжірибеге сүйеніп, теннис турнирлерін үлкен мультиспорттық ареналарда өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай тәсіл "Үлкен дулыға" және Masters сериясындағы бірнеше турнирлерді қоспағанда. әлемдік турнирлердің шамамен 70%-ында қолданылады.
ATP 250 Almaty Open турнирі үшін жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын үш жаттығу корты және шамамен 1700 шаршы метрді құрайтын екі ойын корты төселді.
- Корттар ерекше фанерадан, патенттелген технологиямен жасалған.
- Бұл корттар Халықаралық теннис федерациясы (ITF), ATP және WTA тарапынан сертификатталған.
- Корты Венгриядан Rebound Sport kft компаниясы жеткізді.
- Бұл компания Еуропадағы халықаралық турнирлерге арналған теннис жабындарымен айналысады.
- Корттар портативті панельдерден құрастырылады.
- Бір корттың салмағы шамамен 15 тоннаны құрайды және оны тасымалдау үшін бір фура қажет.
- Орталық корт 361 панельден тұрады.
Almaty Open турнирі: Журналистер мен көрермендерге арналған шаралар
Медиа орталықта журналистер үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жұмыс істеуге арналған бөлмелер, баспасөз конференциялары өтетін жалпы зал және кофе-брейк аймағы қарастырылған.
Almaty Arena айналасындағы аумақ турнир кезіндегі ең танымал орынға айналады. Мұнда тұрақты түрде "Теннис фестивалі" ұйымдастырылады, ол музыка, түрлі теннис сайыстары: "Дәл соққы", "Теннис дартсы" сияқты ойындарды қамтиды. Сонымен қатар, турнирге арналған брендтік киімдер мен мерчендайзинг өнімдерінің сатылымы, жүлделер ұтысы, ең кішкентай көрермендер мен жасөспірімдерге арналған "Кидс зонасы", амфитеатр сахнасы, турнир матчтарын көруге арналған үлкен экран және фотозона орнатылады. Әуе шары, фуд-корттар, демеушілер мен серіктестердің көрмелері де келушілерді бей-жай қалдырмасы анық.
Бұл шаралар Almaty Open турнирін тек спорттық жарыс қана емес, жан-жақты мәдени және ойын-сауықтық іс-шараға айналдыруға бағытталған.
Almaty Open турнирінің трансляциясы әлемнің 40-тан астам елінде көрсетіледі
Almaty Open турнирінің трансляциялары 40-тан астам елде көрсетілетін болады. Теледидар арқылы турнирді шамамен 3 миллион көрермен тамашалайды, ал әлеуметтік желілер, стриминг және басқа платформалар арқылы жалпы 8,5 миллион адам тамашалайды.
Қазақстан аумағында матчтардың тікелей трансляциялары Қазақстан Теннис федерациясының ресми сайтында – ktf.kz, сондай-ақ, Qazsport және Insport спорттық телеарналарында көрсетіледі.
Турнир жазбаларын 31 арна, Sport Plus Qazaqstan және Almaty TV арналарынан тамашалауға болады.
Турнир матчтарына билеттерді ticketon.kz және almaty-arena.kz сайттарынан онлайн сатып алуға болады. Билеттердің бағасы 3000 теңгеден басталады.
ATP 250 Almaty Open турнирі 13-20 қазан аралығында өтеді. Жеребе 12 қазанда Шымбұлақта өтеді.